Таң 06:03 Күн 07:36 Бесін 12:05 Екінті 14:37 Ақшам 16:24 Құптан 17:57

Жақсылық жасаушыға берілетін он сауап

1819

Жақсылық жасаушыға берілетін он сауап

Біреудің мұң-мұқтажын өтеу, оны басына түскен уақытша қиындықтан құтқарып, жағдайын жеңілдету. Ойлаған адамға бұдан асқан бақыт, бұдан асқан ләззат бар ма?

Расында, адамның ең жақсысы ‒ басқаларға пайдалы болғаны, ал амалдардың ішіндегі Аллаға ең сүйіктісі ‒ адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлау.

Қоғам мейірімге, жан жадыратар жақсылыққа мұқтаж. 

«Жақсылықтың жақсылықтан басқа қайтарымы бар ма?» деп «әр-Рахман» сүресінде баяндалғандай, шынында да жақсылықтың қайтарымы ‒ тек жақсылық қана.

Құранда Алла Тағала: 

«...Жақсылықты ықыласпен істеушілерді қуандыр!» ‒ деп бұйырады. («Хаж» сүресі, 37-аят)

Олай болса, пейілі ізгілікті сүйетін, жаны жақсылық жасауға құмар болған жандарға арнап, мерейін асырып, нұрын тасытатын қуанышты хабарлармен бөліссек дейміз.

 Әлемдердің Раббысының махаббатына лайық болудан асқан бақыт бар ма?

Өзіңді әлдекімнің сүйетінін білсең, оны сезінсең, соның өзіне жаның рахаттанып, бақытқа бөленесің. Ал аса Жоғары Алла сүйсе, одан артық қандай бақыт бар? Шын мәнінде, Алла Тағала жақсылық істеушілерді сүйеді. Бұл туралы, яғни, Алла Тағаланың жақсылықты ықыласпен істеушілерді жақсы көретіні жайлы Құранның бірнеше аяттарында айтылады. Соның бірі: 

«Солар /тақуалар/ жеңілдікте де және қиындықта да /Алла разылығы үшін/ жұмсайтындар, ашуын ұстайтындар және адамдарды кешіретіндер. Алла жақсылықты ықыласпен істеушілерді жақсы көреді», ‒ деген. («Әли-Ъимран» сүресі, 134-аят)

Бір Алланың ризалығын қалап, жақсылықты ықыласпен істеушілердің сыйын Алла Өзі береді, сондай-ақ оларға қорыныш жоқ және олар қайғырмайды.

Алла Тағала: 

«Кім ықыласпен жақсылық істей отырып, жүзін Аллаға бұрса, онда оның сыйлығы ‒ Раббысында. Әрі оларға қорқыныш жоқ және олар қайғырмайды», ‒ деген. («Бақара» сүресі, 112-аят)

Пайғамбарымыз ﷺ: 

«Садақа ешуақытта байлықты кемітпейді», ‒ деген. (Муслим)

Құранда бұл туралы: 

«...Сендер не жұмсасасаңдар да Ол оның /жұмсағандарыңның/ орнын қайта толтырады. Ол ‒ ризық берушілердің ең қайырлысы», ‒ деп баяндалған. («Сәба» сүресі, 39-аят)

Яғни, Алланың ризық етіп бергенінен парыз, нәпіл садақа ретінде жұмсағандарыңды аса ұлы Алла екі дүниеде де қайтарады. Ибн Кәсир

 Жақсы істі істеуге ниет етіп, бірақ оны орындай алмасаңыз да Алла Тағала оны Өз қасында толық бір жақсы іс орындалғанға жазады! Әрі жасаған жақсы амалыңыз өзіңізге оннан жеті жүзге дейін, Алла қаласа одан да көп еселеніп қайтады.

Құдси хадисте Раббымыз: 

«Егер Менің құлым жақсы амал жасайтынын айтса, онда Мен оған жақсы амалдың жасалғанын жазып қоямын», ‒ дейді. (Муслим)

Ибн Аббас: «Шын мәнінде, Алла Тағала жақсы және жаман (амалдарды) жазып, сосын оны түсіндірді (яғни, періштелерге бұл істерді қалай жазу керектігін түсіндірді): «Кімде-кім бір жақсы амал (істеуге) ниеттеніп, оны істемесе де, Алла ол үшін Өз қасында толық бір жақсы амал (істелгенін) жазады. Егер ол ниеттенгенін істесе, Алла ол үшін Өз қасында он жақсы амалдан жеті жүз есеге әрі (одан да) көп есеге дейін (жақсы амал істелгенін) жазады. Ал кімде-кім жаман іске ниеттеніп, (бірақ,) оны істемесе, Алла ол үшін Өз қасында толық бір жақсы амал(істелгенін) жазады. Егер ол ниеттенгенін істесе, Алла ол үшін бір жаман іс(жасалғанын) жазады»,—деген. (Бұхари, Муслим)

«Бақара» сүресінің 261-аятында: 

«Мал-дүниелерін Алла жолында жұмсағандардың мысалы ‒ жеті бас масақ шығарған бір түйір дән тәрізді, әрбір масақта жеті жүз дәннен бар. Әрі Алла қалағанына еселеп арттырып береді. Алла ‒ Берекесі кең (Уасиъ), бәрін Білуші (Ъалим)», ‒ дейді.

Сауабынан үміт етіліп істелген кез-келген ізгі амал ‒ Аллаға берілген көркем қарыз секілді! 

Алла Тағала: 

«Ақиқатында, Мен сендермен біргемін. Егер намазды толық орындасаңдар, зекетті берсеңдер, елшілеріме сеніп, оларға көмектессеңдер әрі Аллаға көркем қарыз берсеңдер, міндетті түрде жаман істеріңді өшіріп, сендерді астынан өзендер ағып жататын /Жәннаттағы/ бақтарға кіргіземін», ‒ дейді. («Мәида» сүресі, 12-аят) 

Яғни, көркем қарыз ‒ жақсы істер, адал табыстан жұмсалған садақалар. Өз иелігіндегі заттан бір Алланың разылығы үшін садақа беру ‒ Аллаға берілген көркем қарыз іспеттес. Алла Тағала оны Өз құлына көп еселеп  қайтарады. А.Саъди

Жақсылықтар жамандықтарды жояды!

«Һұд» сүресінің 114-аятында: 

«...Жақсылықтар жамандықтарды кетіреді», ‒ делінеді.

Пайғамбарымыз ﷺ: 

«Қандай жағдайда болсаң да, Алладан қорық. Жамандықтың артынан оны жоятын жақсылық жаса. Адамдарға жақсы мінез-құлықпен қарым-қатынаста бол», ‒ деп бұйырған. (Тирмизи)

Ал Хасан әл-Басри: «Өткен жамандықтарыңа қарсы жақсылық жасаңдар», ‒ деген.

 

Қайырлы, сауапты істер адамды түрлі бәлелерден сақтайды

Хадистерде айтылғандай, садақа ‒ қалқан, садақа ‒ дәлел. Асыл дініміздегі «мал-дүниені ‒ зекетпен, денсаулықты ‒ садақамен қорғаңдар, тағдырдағы жамандықты ‒ дұғамен қайтарыңдар», ‒ деген өсиет әмбеге аян.

Ал, сізден жақсылық көрген бауырыңыздың жасайтын дұғасы - сіз үшін өз алдына үлкен олжа. Әбу Дәудтен келген бір хадисте: 

«Шындығында Алланың сендерге деген жәрдемі мен ризығы іштеріңдегі әлсіз жандардың құрметі үшін берілуде», ‒ делінеді.

Бұл дегеніміз, мұң-мұқтажы өтелген адам міндетті түрде ризашылық, алғысын білдіреді, батасын беріп, жақсылығының Алладан қайтуын тілейді. 

Әрбір игі іс ‒ жүздегі нұрыңызды күшейтіп, жүрегіңізді рахатқа бөлейді, ризығыңызы арттырып, жаратылыстардың сізге деген махаббатын оятады!

Ибн Аббас: «Игі іс ‒ адамның жүзіндегі нұрды күшейтеді, жүрегіне жарық, денесіне күш сыйлайды, ризығын арттырады және жаратылыстардың оған деген махаббатын оятады. Ал, жаман іс  жүзді қарайтады, жүректі қарайтады, денені әлсіретеді, ризықты кемітеді және жаратылыстардың ол адамға деген жек көрушілігін тудырады», ‒ деген. 

Егер мұқтаж адамға жәрдем берсеңіз, Алла сіздің көмегіңізде болады әрі періштелер сізді панасына алып,  күнәларыңыз үшін кешірім тілейді!

Себебі, Пайғамбарымыз ﷺ:

«Алла құлына, ол құлы өз бауырына көмек беруін тоқтатқанша көмек береді», ‒ деген. (Муслим)

Тағы бір хадисте: 

«Кім мұсылман бауырының ісі орындалғанға дейін, оның көмегінде жүрсе, Алла Тағала ол кісіні жетпіс мың періштемен қорғайды. Олар оның күнәсі үшін жарылқау тілейді. Егер таңертең болса, кеш батқанға дейін, кеште болса, таңертеңге дейін дұға етеді. Аяғын жерден көтерген сайын Алла Тағала оның күнәсін кешіреді, сондай-ақ оның дәрежесін көтереді», ‒ дейді. (Ибн Омар, Әбу Һурайра, Ибн Хиббан)

 

Кім біреудің қажетіне жараса, Алла оның қажетін өтейді!

Баршамызға мәшһүр хадисте, Пайғамбарымыз ﷺ: 

«Мұсылман ‒ мұсылманның бауыры. Нағыз мұсылман бауырына озбырлық жасамайды және оны сатпайды. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетіне жараса, Алла Тағала да оның қажетін өтейді. Кімде-кім мұсылман бауырының қайғы-мұңын сейілтсе, Алла Тағала оны қиямет-қайымның бір қайғысынан құтқарады. Сондай-ақ, кімде-кім мұсылманның айыбын жасырса, Алла Тағала оның айыбын Қияметте жасырады», ‒ деген. (Бұхари, Муслим)

 

Иманды әрі ізгі амал жасаушыларға аса ұлы Алла Жәннатта мәңгі қалуды уәде етеді!

Алла Тағала:

 «Иманға келген және ізгі амал жасағандарды, жақында астынан өзендер ағып жататын /Жәннаттағы/ бақтарға кіргіземіз. Алланың хақ уәдесі бойынша, олар онда мәңгі қалады. Сөзде Алладан тура кім бар?
/Бұл игілікке/ сендердің /мұсылмандардың/ қиял-армандарыңмен де, Кітап берілген қауымның қиял-армандарымен де жету мүмкін емес...», ‒ дейді.  («Ниса» сүресі, 122-123)

Иә, шын мәнінде, иманға, игілікке бос қиялмен ешкім жетпек емес. А.Саъди.

Демек, нағыз мұсылман иманының кәмілдігін аузымен ғана емес, амалымен дәлелдейді. Өзі жақсы адам қашанда жақсылыққа асық болады, ізгілікке ғашық болады. Жәннаттық адамға Жәннаттық амалдар жеңілдетіледі, сонымен қатар, қайырымды жандарға Раббысының берер сыйы да есепсіз болмақ. Жақсылықтың сауабын, оның сый-сыяпатын бір мақалаға жазып сыйдыру мүмкін емес. Алланың Мейірімі қандай шексіз болса, мейірімділік пен қайырымдылыққа, жақсы амалдарға беретін Оның қайтарымы да сондай кең болары сөзсіз. Ендеше, жалғыз Алланың разылығын табу жолында аянып қалмай, қайыр қылудан қалыс қалмайық.