Таң 04:49 Күн 06:15 Бесін 12:08 Екінті 15:56 Ақшам 17:50 Құптан 19:16

Оразада жиі қойылатын сұрақтар

938

Оразада жиі қойылатын сұрақтар
Сұрақ: Ислам дініндегі оразаның үкімі қандай?

Жауап: Рамазан айында ораза тұту әрбір мұсылман ер және әйел кісіге парыз. Алла Тағала Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا كُتِبَ عَلَيْكُمُ الصِّيَامُ كَمَا كُتِبَ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِكُمْ لَعَلَّكُمْ تَتَّقُونَ 

«Уа иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз болды, бәлкім сақтанарсыңдар» , – деген. Рамазан айынан басқа уақытта тұтылған ораза ерікті болып есептеледі. Мұнан өзге міндетті ораза түріне нәзір (серт) етіп, бірақ уақытында тұта алмаған ерікті оразаның қазасы ғана жатады. Ораза араб тілінде саум деп аталады.

С: Саум – ораза сөзінің анықтамасы қандай?

Ж: Саум араб тілінде барлық нәрседен тыйылу деген мағынаны білдіреді. Ал, шариғаттағы мағынасы таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ниетімен ішуден, жеуден және төсек қатынасынан тыйылу.

С: Жағдайларына байланысты ораза тұта алмаған жолаушы немесе науқас қайтыс болып кетсе, сол ораза мойнында қарыз болады ма?

Ж: Жоқ, қарыз болмайды.

С: Жолаушы еліне қайтса немесе науқас айықса, оразаларының қазаларын тұтулары керек пе?

Ж: Иә, тұтуға тиісті.

С: Рамазан айында жолаушы мен науқастан басқа адамға ораза тұтпауға рұқсат жоқ па?

Ж: Аяғы ауыр әйел мен емізулі баласы бар әйелдер өздерінің, балаларының денсаулығы үшін қауіптенсе, ораза тұтпауларына болады. Бірақ кейін қазасын өтеулері парыз.

С: Рамазан айында кімге ораза тұтуға рұқсат етілмейді?

Ж: Рамазан айында етеккірі келген әйел мен босанғаннан кейін қан көрген әйел ораза тұтпайды. Өйткені етеккір мен нифас қаны ораза тұтуға кедергі болады.

С: Рамазаннан кейін қазаларын тұта ма?

Ж: Иә, ораза тұтпаған күндерінің қазасын өтеуі тиіс.

С: Ораза тұтпай, қазасын да өтемей, оның орнына фидия беруге бола ма?

Ж: Өте кәрі кісілерге ораза тұтпай, орнына фидия берулеріне болады.

С: Өте кәрілер деген кімдер?

Ж: Рамазан айында да, одан кейін де ораза тұтуға әл-қуаты жетпейтін қарт кісілер.

С: Рамазан айы кезінде балиғатқа толған бала немесе мұсылман болған адам не істеуі қажет?

Ж: Олар оразаның қалған күндерін тұтады.

С: Мұсылман болған күнінің немесе балиғатқа толған күнінің қазасын тұтуы керек пе?

Ж: Ол күннің қазасын тұту шарт емес.

С: Рамазан айында есінен танған адамның үкімі қандай?

Ж: Рамазан айында ораза тұтуға ниет етіп, күндіз есі ауса бұл күннің қазасын өтеу парыз емес. Есінен тануы көпке созылса, айыққан соң кейінгі күндердің қазаларын өтейді.

С: Рамазан айында жынды адамның ақылы кірсе не істейді?

Ж: Қалғанын тұтып, өткен күндерінің қазасын өтейді.

С: Рамазан айында күндіз оразаға ниеттенбеген жолаушы оқыс үйіне оралса немесе етеккірі бар әйелдің етеккірі тоқтаса не істейді?

Ж: Бұл рамазан айының құрметі үшін сол күннің қалған бөлігін тұтады.

С: Оразаның мәкруһтері қандай?

Ж: Оразада сүйісу, тағамның дәмін татып көру, сағыз шайнау, мисуактан басқа щетка сияқты нәрселермен тістерін тазалау мәкруһ істерге жатады (ішке кетіп қалмауын қадағалап, щеткамен тіс тазалау рұқсат амалдардан). Әйелге жас баласына тамақ шайнап беруі (Баласын тамақтандырудың басқа лажын таппаса, солай істеуіне болады) мәкруһ.

С: Рамазан айының қазасын үздіксіз түрде тұту керек пе?Ж: Үздіксіз тұту шарт емес. Қаласа бөліп, қаласа үздіксіз жалғастырып тұтады.С: Келесі рамазан айы келгенше кешіктірсе не істейді?

Ж: Бірінші келіп тұрған рамазан оразасын тұтады. Бұл рамазаннан соң алдыңғы рамазанның оразасының қазасын ұстайды. Кешіктіргені үшін айып төлемейді.

С: Рамазан айының қазасын өтей алмай ажалы таяп, өлер шағында артындағыларға қалған малынан фидия беруді өсиет етсе, артында қалғандар не істеуі керек?

Ж: Бұл өсиет марқұмның мал-мүлкінің үштен бірінен жұмсалады. Рамазан айының оразасы үшін марқұмның мұрагері әрбір күнге бір міскінді жарты сағ (1,625 кг) болатын бидай не бір сағ (3,25 кг) болатын арпа не құрмамен тамақтандыруы керек.

«30 күнге 30 уағыз» дәрістер жинағынан