Таң 06:20 Күн 07:56 Бесін 12:10 Екінті 14:27 Ақшам 16:13 Құптан 17:50

ПІДИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

1075 Хасан Аманқұл

ПІДИЯ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Ислам дінінде бұйырылған белгілі бір құлшылықтың орнына төлем жасау «підия» деп аталады. Алла Тағала: «Парыз ораза санаулы әрі белгілі күндерде ғана өтеледі. Араларыңнан әлдекім ауырып қалып немесе сапарда жүріп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Ораза ұстауға шамасы әзер жететіндер (яғни, қарттар және созылмалы дертке шалдыққан науқастар қаза болған әр күнге) підия ретінде бір жарлының (бір күндік екі мезгіл) тамағын (немесе соның құнын ақшалай) беруі керек», – деді («Бақара» сүресі, 184-аят).  

Туберкулез, қатерлі ісік, қант диабеті, асқазан жарасы (язва), тыныс және жүрек демікпесі (астма) секілді сауығуына күдер үзген ауруға шалдыққан науқастар және жасы үлкен егде адамдар ауыз бекітуге шамасы келмесе, ораза ұстамайды. Оның орнына підия береді.  

Підия садақасы – ол бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның ең аз мөлшері биыл 1700 (бір мың жеті жүз) теңге деп белгіленді. Өйткені, барлық облыстардан алған мәліметтер бойынша, бір адамның ең төменгі бір мезгіл тойып ішетін ас-суының орташа құны шамамен 850 теңгеге тура келді.

Підияны бірден Рамазан айының басында немесе соңында беруге болады. Сондай-ақ бір айдың підиясын бір адамға немесе бірнеше адамға бөліп берсе, оның оқасы жоқ.

Бұл садақаны халықтың кедей топтарына, тұрмыстық жағдайы төмен көп балалы отбасына, халі нашар мүгедек жандарға үлестірген абзал. Бекітілген підияны (1700 теңгені) беруге шамасы келмесе, оразаның әр күніне пітір садақа мөлшерінде (370 теңге) підия береді. Оған да күші жетпесе, ештеңе бермесе де болады, Алла Тағаладан кешірім тілейді.

Алдағы уақытта науқас ауруынан айығып кетсе, дәрменсіз адам күш алса, үзірі кеткен боп саналады да, берген підиясы жәй садақаға айналады. Яғни, ол адам бұрынғы оразалардың қазасын өтейді («Әл-фәтауа әл-һиндия», 1/270). Өйткені, підия беру үшін науқастың әлсіздік, сырқатты жағдайы өмірінің соңына шейін жалғасуы шарт.

Рамазан айының қазасын өтей алмаған адам ажалы таяп, өлер шағында артындағыларға қалған малынан підия беруді өсиет етеді. Бұл өсиет марқұмның мал-мүлкінің үштен бірінен жұмсалады. Рамазан айының күн сайынғы оразасы үшін және қаза болған әр намазы үшін підия беріледі. Підияны қайтқан адамды жерлегеннен кейін беруге болады, бірақ жерлемей бұрын берген абзал.  

Егер ораза ұстаған адамның ауру, әлсіздік секілді қиындық тудыратын халі уақытша құбылыс болса, қалған күндерін рамазан айынан кейін толтырып береді. Қаза оразаны үздіксіз тұту шарт емес. Қаласа бөліп, қаласа үздіксіз тұтады. Қазасын келесі оразаға шейін ұстап үлгермесе, онда ол оразаны Рамазан айынан кейін өтейді.   

Хасан АМАНҚҰЛ,

Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары,

"Мұнара" газеті, №8, 2020 жыл