ТҮНДЕРДІҢ ҚАЙЫРЛЫСЫ – ҚАДІР ТҮНІ
2244 Хасан Аманқұл
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағалаға: «Уа, Раббым, менің үмметімнің өмірлері қысқа, амалдары аз», – деп дұға еткен. Сонда Алла Тағала сүйікті елшісіне Қадір түнін сыйлады және былай деді: «Қадір түні саған және сенің үмметіңе мың айдан артық» («Сафуат ут-тәфасир», 3-том).
Хадистерде Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күнінде, тақ санда іздеу керектігі айтылған. Көпшілік ғалымдардың ортақ пікірінше, оны Рамазан айының жиырма жетінші түні болып есептеледі. Биыл бұл түн мамыр айының 8-інен 9-ына өтер түніне сәйкес келіп тұр.
Ибн Кәсир «қадір» сөзінің төмендегі үш мағынасын атап өткен:
1) «Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Осыған байланысты Қадір түні дегенде Алланың тағдырды үкім ететін түні екендігін білуге болады. Бұл жердегі тағдыр ұғымы, әуелгі тағдырдың паш етілуі болатын. Өйткені Құран Кәрімде: «Сол түні (Алланың) хикметімен тағдырға жазылған әрбір іс нақтыланатын болады», – деп бұйырылған («Дұхан» сүресі, 4-аят). Қатада: «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады», – деді («Тафсир Табари», 25/65).
2) «Қадір» сөзі «абырой, бедел» мағынасын береді. Яғни Қадір түні – ұлық және аса қадірлі түн дегенді білдіреді. Мұндай жоғары дәрежеге лайық болуының себебі, бұл түннің салмағы мың айдан да қайырлы болмақ. Бұл жайында Құранда: «Қадір түні мың айдан артық (қайырлы)», – деп баяндалады («Қадір» сүресі, 3-аят).
3) «Қадір» сөзі «сығылысу» мағынасын береді. Ғалымдар «қадір» сөзі «тарылу» мағынасын да білдіреді деген. Өйткені бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскеннен соң, жердің тарлығынан сығылысады. Бұл жайлы Құранда: «Ол түні періштелер мен Рух Раббыларының рұқсатымен әртүрлі іс атқару үшін лек-легімен түскен үстіне түсе береді», – деп баяндалады («Қадір» сүресі, 4-аят). Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, «сығылысудағы» мақсат «үлкен қайырлы істердің жүзеге асуы және Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хира үңгірінде Жәбірәйіл періште алғашқы уахи түсіргенде, Пайғамбарымыздың жаны сығылғаны белгілі. Негізінде Қадір сөзі осы үш мағынаны да қамтиды.
Рамазан айы келгенде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза айы келді, онда мың айдан қайырлы Қадір түні бар. Кімде-кім сол түннің сауабынан құр қалса, барша жақсылықтан мақұрым қалмақ. Мақұрым адам ғана оның сауабынан құр қалады», – деген (Ибн Мәжа).
Сахаба Әбу Һұрайра жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім Қадір түнінің артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп, ғибадат, құлшылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары кешіріледі», – деген (Бұхари). Сондықтан мұсылман адам бұл түнді барынша құлшылықпен, сауапты істермен өткізуге тырысады.
Бұл түні жасалуы тиіс істердің қатарына намаз оқу, Құран оқу, өткен күнәларды енді жасамасқа тәубе етіп, кешірім тілеу, жалбарынып тілек тілеу жатады. Қаза (оқымаған, қалып қойған) намазы бар адам шамасына қарап сол қарыз намаздарын оқығаны дұрыс. Қарызы болмаған жағдайда қалағанынша нәпіл намаздарды оқи алады. Сонымен қатар бұл түні көбірек дұға-тілек айту керек. Ғалымдардан Суфиян Сәури (Алла оны рақымына алсын): «Қадір түні тілек тілеп, кешірім тілеу намаздан ұнамды. Құран оқып, артынан тілек тілеу – ең жарасымдысы», – деген.
Айша анамыз (Алла оған разы болсын) Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айының ақырғы он күнінде құлшылыққа ерекше ден қоятынын айтады. Бұл түні қалай дұға ету керек деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына дұғаны үйреткен: «Уа, Раббым, Сен, әрине, кешірімдісің, жомартсың. Кешіргенді ұнатасың, мені де кешіре гөр!» (Тирмизи).
Түннің барлығын ғибадатпен өткізе алмайтын кісілер, тым болмаса, түннің бір бөлігін құлшылықпен, ізгі амалдармен өткізуіне болады. Алла Тағала бұл түнде жасайтын бүкіл құлшылықтарымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
Хасан АМАНҚҰЛ,
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі
меңгерушісінің орынбасары
«Мұнара» газеті, №9, 2021 жыл