Таң 06:08 Күн 07:42 Бесін 12:06 Екінті 14:33 Ақшам 16:20 Құптан 17:54

Рамазан – сабыр сыналатын сәт

511 Асан ТІЛЕУБЕРДИЕВ

Рамазан – сабыр сыналатын сәт

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын!

Ораза араб тілінде صوم‎ «ас-саум» – өз нәпсісін тыю, жаманнан алыстау деген мағына береді. Тәуліктің күндізгі уақытында ауыз бекіту – Исламның негізгі бес парызының үшіншісі. Ораза ұстаған адам таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден аузын бекітіп, оразаны бұзатын басқа да әрекеттерден тыйылады. Әрбір мұсылмандарға рамазан айында ораза ұстау – парыз.  Алла Тағала Құран Кәрімде бізге ораза тұтуды былайша бұйырған: «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде санын толтырсын. Алла (Т.) сендерге оңайлық қалайды, ауырлық қаламайды. Сендерді тура жолға салған Аллаға шүкірлік етулерің үшін санын толтырыңдар. Әрі Алланы ұлықтаңдар» («Бақара» сүресі, 185-аят). Бұл аятта оразаның мәні, негізгі сипаттары, уақыты, қазасын өтеу жайлы айтылады.

Ораза адамды барлық жамандық атаулыдан сақтайтын қорған. Ораза адам жан дүниесін тазартып, жаман қылықтардан сақтайды. Алла Тағала Құранда  былай дейді: «Ей, иман келтіргендер күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді». Оразаның мақсаты – мұсылмандың жанын да, тәнін де тазартып, тақуалық дәрежесіне жеткізу. Алланың әмірі екенін сезініп, ораза тұтудың сауабы мол. Ауыз бекіткен адам нәпсісін тиып,  ақыл-ойы сергек болады. Себебі, нәпсінің барлық күш-қуаты осы ауыз арқылы беріліп отырады. Ашыққан нәпсі әлсіреп, жүректің түкпірінде жасырын қалған жақсы қасиеттер мен күллі адамгершілік сезімдерді оятып, адамды тура жолға  бастайды. Яғни, негізгі рөл мен тізгінді ар-ождан қолға алып, адам жаны рухани ләззатқа шомыла бастайды. Өйткені, ораза – бір Алла мен оны ұстаушы мұсылманнан басқа ешкімнің көзіне көрінбейтін жасырын ғибадат. Қасиетті (қудси) хадисте Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза - Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік кұлымның аштық пен сусағандықтан шыққан ауыз исі мен үшін миск әтірінен де тамаша», - дейді.

 

Оразаның қоғамдық пайдасы

Ораза аузы берік мұсылманға ғана емес, сонымен қатар қоғамға да пайдасы мол. Рамазан – бай-бақуатты адам мен жоқ-жітік арасындағы байланысты реттейді. Ораза ұстап, сәресіден кешке дейін аш жүрген адам ғана айналасына ойлы көзбен қарай алады. Ауыз бекіткен адамның бойында тулаған нәпсісі әлсіреп, жүректің түбінде мейірім-шапағат сезімі оянады. Ол сонда ғана аш болудың қандай екенін сезінеді. Өзінің де жай ғана пенде екенін сезіне түсінеді. Оразаның шексіз нығметі арқылы адам мен адамның, адам мен қоғамның арасында жақсы қарым қатынас орнайды. Рамазан айының рақым айы болуының сыры осында жатса керек. 

Рамазан – ырыс-береке айы

Негізі адам баласы өзіне берілген шексіз нығметтер мен ырыс-берекенің қадір-қасиетін сезіне бермейді. Сый ретінде берілген ырыс-берекені орынсыз тұтына берудің зияны көп. Ал, күні бойы Алланың разылығы үшін аузын бекіткен адам кешқұрым аузына салған дәмнің қаншалықты нығмет екенін жан дүниесімен сезеді. Тоқ  адамның дәл осындай кіршіксіз таза сезімді бастан кешуі мүмкін емес. 

Рамазан – сабырлық пен төзімділік айы

Рамазан айында адам дене қалауларын тәрбиелеп, нәпсінің құлы болып кетуден өзін сақтайды. Ауызды астан ғана емес, жаман сөздерден тыйса, көзді харамға қараудан, құлақты харам нәрселерді естуден тыяды. Көп ұйқы мен көп тамақтану иманның әлсіреуіне алып келеді. Ал, ораза ұстаған адамның денесі, әрі рухы тынығады. Ең бастысы адамның қас дұшпаны болған нәпсіні тазартып, Раббысына жақындай түседі. Себебі, адам үшін ең ұлы күрес – ол нәпсімен болатын күрес екенін Алла елшісі де (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ескертіп кеткен еді. Бір ай бойы күннің ыстығын мен суығына қарамай аш құрсақ жүрген адамның бойында сабырлық пен шыдамдылық сезімі күшейіп шыңдалады. Аштықпен нәпсісін тыйған мұсылман басқа қиыншылыққа да шыдайды. Сабырлы адам алдына биік мақсат қойып, діттеген мақсатына жете алады. Құранда жетпіске жуық аятта сабыр мадақталған. Мысалы: «Алла сабыр еткендермен бірге», - дейді. «Асыр» сүресінде де Алла Тағала: «Заманға ант етейін. Шынында адам баласы сөзсіз қасіретте. Бірақ иман етіп, ізгі іс істегендер, бір-біріне ақиқатты айқындап, сабырлықты насихаттағандар ондай күйге душар болмайды», - деп баян етеді. Талай жанның жүрек пердесі ашылып, иман сәулесі түскен, түндері құлшылыққа, күндізі оразаға арналған қасиетті айды әрбір мүмін сағынышпен асыға күтеді. Бір Алланың разылығын іздеген жандар үшін күннің ұзақтығы мен аптап ыстығы да кедергі бола алмасы анық. Өйткені, адам баласына Ислам нұры ең алғаш түскен мекендер Мекке мен Мединада жыл оны екі ай бойы ми қайнатар ыстық бола тұрса да, Алланың сүйікті елшісі мен оның саңлақ сахабалары рамазан айына аман есен жеткізуін сұрап Раббысынан жалбарынатын еді.

 

Асан ТІЛЕУБЕРДИЕВ, 

«Орбита» мешітінің бас имамы