Таң 04:22 Күн 05:51 Бесін 12:24 Екінті 16:46 Ақшам 18:48 Құптан 20:17

АДАЛ АС – ЖАНҒА ДАУА

235 Айбек Аташев

АДАЛ АС – ЖАНҒА ДАУА

Рамазан – жан мен тәнді рухани тазартатын мектеп. Ораза – жанның азығы, тәннің шипасы. Ал біздің жанымыздың рухани кемелденуіне әсер ететін факторлардың бірі – адал ас тұтыну. 

«Адал әрі тазасынан жеңдер!» 

Рамазан – ашығу айы емес. Асты тойып жейтін де мезгіл емес. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына сөзін есімізде ұстау маңызды: «Адамның өмір сүруіне аз ғана тағамның өзі жеткілікті. Асқазанның үштен бірін – тағаммен, екінші бөлігін – сумен, ал үшінші бөлігін ауамен толтырыңдар».

Ораза кезінде денсаулыққа зиян тимеуі үшін жеңіл қорытылатын тағамдар жеп, асты аз ішкен дұрыс. Себебі, тойып тамақтану организмге көп күш түсіреді, күні бойы шаршауға шалдықтырады. Мұнымен қоса ауыз ашқаннан кейін тарауық намазы кезінде ұйқы қысып, есеңгіретеді. Ораза кезінде дұрыс әрі адалынан тамақтансаңыз, ұйқы қысу, маужырау секілді сезімдерден арылып, төзіміңіз күшейеді.

Қасиетті Рамазан айындағы ең үлкен ерекшеліктің бірі – ас ішудегі қарапайымдылық. Яғни ас мәзірінде шектен тыс ысырапқа бой алдырмай, күнделікті жейтін тағамымыздан ерекшелемей, қарапайымдылық пен адалдықты ұстанған абзал. Ал дұрыс тамақтану тәртібінің басты қағидасы – шариғат шарттарына сәйкес адал ас тұтыну.

Алдымыздағы астың құрамына, неден, қалай дайындалғанына аса мән беруіміз керек. Бізге мол нығмет берген Раббымыз солардың тек адалын пайдаланып, арамынан аулақ болуды ескерткен: «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің адал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 168 аят). Ардақты Елші (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын); «Адал да белгілі, арам да белгілі. Алайда, осы екеуінің арасында кейбір күмәнді нәрселер бар. Адамдардың көпшілігі осының ара жігін айыра алмайды. Осы күмәнді нәрселерден бойын аулақ ұстаған жан дінін, ар-намысын сақтап қалады», – деп адал астың рухани тұрғыдан тазаруға пайдалы екенін айтқан.

 

Сәресі уақытындағы ас мәзірі

Дәрігерлер сәресіне құрамында көмірсуы көп тағамдар жеуге кеңес береді. Жарма өнімдері, жеміс-жидек, қызанақ, қияр секілді құнарлығы жоғары өнімдерге таңдау берген дұрыс. Ет, балық, жұмыртқа, сүт секілді ақуызы мол өнімдерді де ас мәзіріне енгізуге болады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сәресін ішіңдер, өйткені сәресіде береке бар» деген хадисіне мән бере отырып амал етсек, сәресіде дұрыс тамақтану адам организмін күні бойы қажетті энергиямен қамтамасыз етеді.

 

Ауызашардағы ас мәзірі

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кеңесі бойынша оразаны құрмамен немесе сумен ашып, артынан түрлі көкөніс салаттары, жеміс-жидектерге таңдау берген дұрыс. Ауыз ашқаннан кейін бірден ыстық тамаққа кіріспей, ақшам намазын оқығаннан кейін негізгі тамаққа көшкен дұрыс болады. Сонымен қатар тамақты аздан жеп және әрбір тамақтанудан кейін күнделікті организмге қажетті су нормасын толтыруға тырысыңыз. Тамақтан кейін көк шай немесе әртүрлі шөптен дайындалған сусын ішкен жақсы. Ол асты қорытуға көмектеседі. Ең бастысы ауызашардан сәресіге дейін асқазанды тамаққа толтырудан сақтанған абзал!

Ас – адамның арқауы. Алайда тағы қайталап айтатынымыз – адалдық. Сонымен қатар, адалдығы мен күмәні жоғары өнімдер мен қоспалардың мына сегіз түріне де сақ болғанымыз жөн.

 

Сегіз қоспадан сақтан!

Біріншісі – ет. Шариғат адал деп белгілеп берген мал «Бисмиллә» айтылып сойылмаса, дүкен сөрелерінде таза, адал етпен бірге орналастырылмаса, жүк көлігімен тасымалдағанда адал, шариғат бойынша рұқсат етілген мал етімен қатар тұрмаған жағдайда еттің арам болып шығуы оп-оңай. Егер тасымалдау, сақтау, сату кезінде ет доңыз етімен бірге тұратын болса, етке доңыз ДНК-сы жұғып, адал малдың еті де арам болып шыға келуі мүмкін. Ал сіздің ауызашарға ас дайындау үшін сатып алған етіңіз осы талаптарға сай ма?

Екіншісі – ұн. Ауызашар кезінде ыстық бауырсақ, жұмсақ бәліш пісіру үшін ұнды жиі пайдаланамыз. Жоғары сапалы, ақ ұн екен деп сыртқы көрінісіне ғана мән беріп, ішкі құрамын назардан тыс қалдырамыз. Ұнның құрамында L-цистеин (E 920) деген қоспа болады. Ол адамның шашы, тырнағы, жануардың қылынан алынады. Цистеин қосылған ұн жақсы көтеріліп, ұнның сапасы жақсарғандай болады. Алайда бұл қоспаның адам денсаулығына зиян екені айдан анық.

Үшіншісі – жұмыртқа мен құс еті. Егер құс фабрикасындағы құстың жеміне етті-сүйекті қоспалар берілген болса, ол жердегі құс еті де, жұмыртқа да жеуге жарамсыз. Етті-сүйекті жем дегеніміз – өлген құстың, малдың еті, сүйегі, терісі секілді өлекселерден алынып, химиялық өзгеріске түсіру арқылы жасалған құс азығы.

Төртіншісі – кармин қоспасы бар өнімдер. Бұлар – құрамында қызыл, алқызыл,  күлгін түсті бояуы бар кез-келген өнімдер. Біз ауызашардан кейін «асқазанға жеңіл болады» деп тамсана жейтін иогурт, торт, пирог секілді қызыл түсті кондитерлік өнімдердің, кетчуп, кәмпиттің құрамында да харам қоспа болуы мүмкін. «Е 120» деп аталатын кармин қоспасы жәндіктен алынғандықтан, тағамға қолдануға рұқсат етілмейді.

Бесіншісі – желатин. Желатин көбіне доңыз және ірі қара малдан алынатындықтан, жасалу жолы күмән туғызады. Ірі қара мал адал болғанымен, шариғат талабына сай сойылмаса, ол малдан жасалған желатин де күмәнді. Желатин көбіне варенье, мармелад, зефир, айран, кәмпит секілді өнімдерде кездеседі.

Алтыншысы – сычужды ферменттер. Бұл ферменттер де доңыздан және ірі қара малдан алынатындықтан, күмәні жоғары. Доңыздан алынса, анық харам. Ал ірі қара мал шариғат талабына сай сойылып-сойылмағаны белгісіз болғандықтан, сычужды ферменті бар өнімдер күмән тудырады. Сычужды ферменттер көбіне айран, ірімшік секілді сүт өнімдерін дайындауда қолданылады. Технологтар микробиологиялық жолмен алынған сычужды фермент қолданған сүт өнімдеріне ғана рұқсат береді.

Жетіншісі – спирт. Құрамында спирті бар өнімдерді жеуге мүлде рұқсат етілмейді. Спирт көбіне кекс, бисквит т.б кондитерлік өнімдер мен шоколадтар құрамында кездеседі.

Сегізіншісі – майлар. Сүт немесе маргарин, басқа да май секілді өнімдерінің майлылығын арттыру үшін жануар майын қосу өндірісте жиі кездеседі. Ол жерде де майдың қандай малдың майы және қалай сойылғаны белгісіз болғандықтан, күмән туғызады.

Жоғарыдағы сегіз қоспаны баяндаудағы мақсат үркітіп-қорқыту не болмаса астан алшақтату үшін емес, арамнан сақтандыру үшін мысалға келтірдік. Біз сіздің Алла разылығы үшін ұстаған оразаңыз күмәнді тағам тұтынумен текке кетпесе екен дейміз. Арам мен күмәннан сақтанудың жолы – шариғат бойынша рұқсат етілген, білікті мамандар арқылы тексерілген азықты тұтыну. Бойын арамнан сақтау – мұсылманның өмірлік мұраты. 

Айбек АТАШЕВ,

ҚМДБ «Халал-Даму» директоры