571 minbar.kz
Ибн Қайим, рахимахуллах, былай деген: «Иғтикафтың түпкі мақсаты – адамның жүрегін Аллаға байлау. Ол кезде адам өзінің жан-дүниесіне көңіл бөліп, дүниеуи нәрселерге деген уайым-қайғыдан арылып, оның жүрегінен мәңгілік өмір жайлы ойлар орын тебеді, сөйтіп, оның үрейінің, үмітінің, сезімдерінің орнын Аллаға деген махаббат пен Ол жайлы ойлар басады. Дүниеуиге бола алаңдаушылық Жаратқан Аллаға деген қорқынышқа айналады, әр ойы мен сезімі арқылы Оның разылығына жетуге талпынады; дүниеге деген адалдықтың орнын Аллаға деген адалдық басады. Досың да, көмекшің де болмайтын қабірдің табалдырығы осы болады. Рамазанның ең асқақ бөлшегі болып саналатын иғтикафтың, Рамазанның соңғы он күнінің биік мақсаты осы».
Шах Уәлиулла былай дейді: «Мешітте иғтикаф жасау ақыл-ойдың алаңсыздығы мен жүректің тазаруына қол жеткізуге сеп болады. Ол кезде адам (Аллаға берілуде) періштелермен бірдей болады, Ләйләтүл-Қадрды көруге, намаз бен ой толғауға бар болмысымен ынта қоюға мүмкіндігі болады. Алла Тағала Рамазанның соңғы он күнін сол үшін айрықша бөліп-жарып, оны тақуа әрі ізгілікті құлдарының сүннеті етті».
Иғтикаф жасайтын жер
12) Иғтикаф кезінде мешітке келушілерден жоқ адамдарды сұрап тұруға болады. (Сол жерде).
2) Егер кімде-кім азаншы болмаса да, белгілі бір намаздың азанын айтқысы келсе, оған да сол мақсатта мешіттен шығуға рұқсат етіледі (Мәбсут).
3) Мешіттің мұнарасының есігі мешіттің ішінде болса, мұнараға көтерілуге рұқсат етіледі. Себебі, ол мешіттің құрамдас бөлігі болып табылады. Алайда, мұнараның есігі мешіттің сыртында болса, азан оқу қажет болмаса, иғтикафтағы адамға мұнараға көтерілуге рұқсат етілмейді (Ибн Әбидин).
4) Иғтикафты жұма намаз оқылатын мешітте жасаған абзал. Алайда, ол мешітте күнделікті бес уақыт намаз ғана оқылып, жұма намаз оқылмайтын болса, ондай мешітте иғтикаф жасау рұқсат етіледі (Әләмгири).
5) Ондай жағдайда жұма намазын оқу үшін басқа мешітке баруға рұқсат етіледі. Алайда, жұма мешітке келгенде төрт рәкағат сүннет намазды оқып, жұма құтпасына қатысуға үлгеретіндей өз мешітіңнен уақытты есептеп шығу керек (сол жерде).
6) Иғтикафтағы адам жұма намазын оқу үшін белгілі бір мешітке барған болса, сол мешітте парыздарды оқып болғаннан кейін сүннет намаздарды оқуына болады. Дегенмен, содан кейін ол мешітте қала алмайды. (Сол жерде). (Намаз оқуға) қажет уақыттан артық мерзімге бөгеліп қалса, оның иғтикафы бұзылмайды, өйткені, ол мешітте болады. (Бәдаи)
7) Егер кімде-кім жұма намазын оқу үшін жұма мешітке келіп, сол жерде қалып қойса және иғтикафтың қалған уақытын (жұма мешітте) аяқтаса, оның иғтикафы орындалған болып саналады. Алайда, олай жасамаған абзал. (Әләмгири). Иғтикафты бір мешітте жасап, тарауық намазды басқа мешітте оқуға болады, ол үшін (тарауық оқу кезінде) иғтикафқа ниет ету керек (Әләмгири, 1-том, 199-бет).
Мешіт ауыстыру
2. Дәл сол сияқты, иғтикафтағы адам мешіттен расында да шариғаттық қажеттілікпен шықса, бірақ, қажеттілік аяқталғаннан кейін ол мешіттен тыс жерде бір сәтке болса да күтіп немесе кідіріп қалса, оның иғтикафы бұзылады. (Ибн Әбидин).
3.Шариғаттық қажеттіліксіз әдейі, ұмытып кетіп немесе қателесіп мешіттен шыққан адамның иғтикафы бұзылады. Десе де, қателесіп немесе ұмытып кетіп мешіттен шыққан адам иғтикафты бұзғаны үшін күнәға батпайды. (сол жерде).
4. Мешіттің аймағына жатады деген оймен қателесіп, мешіттен шыққан адамның да иғтикафы бұзылады. Сол себепті, мешіттің шекарасы қай жерде екенін иғтикафқа кірмес бұрын анықтап алу қажет.
5. Иғтикафтың шарты ораза болғандықтан, әдейі болсын, мейлі, қателесіп немесе ұмытып кетіп болсын, ораза бұзылса, иғтикаф та күшін жояды. Осы жағдайдың қайсысы болса да, иғтикаф бұзылады. Мәселен, кімде-кім әлі таң атқан жоқ деген оймен немесе, керісінше, күн батып кетті деген оймен тамақ жеп қойса; немесе аузын шайған кезде тамағына су кірсе. Осы жағдайлардың бәрінде ораза да, соған сәйкес иғтикаф та бұзылады.
Алайда, аузы берік екені есінен шығып кетіп, ішіп-жеп қойған адамның оразасы да, иғтикафы да бұзылмайды. (Ибн Әбидин)
6. Иғтикаф жыныстық қатынастың нәтижесінде де өз күшін жояды, мейлі ол әдейі немесе қателесіп болсын, күндіз немесе түнде болсын, мешіттің ішінде немесе басқа жерде болсын, шәует шықсын не шықпасын. Осы жағдайлардың бәрінде иғтикаф бұзылады.
7. Иғтикаф кезінде сүйісіп, құшақтасуға жол берілмейді ‒ соның нәтижесінде шәует бөлінсе, иғтикаф бұзылады. Дегенмен, шәует бөлінбесе, ондай әрекеттердің харам екендігіне қарамастан, иғтикаф бұзылмайды. (Хидая).
Иғтикафты бұзса, күнә болып саналмайтын жағдайлар
1. Кімде-кім иғтикаф кезінде қатты ауырып қалып, мешіттен шықса ғана емделетін болса, иғтикафты бұзуға рұқсат етіледі.
2. Суға батып бара жатқан немесе өртке тап болған адамды құтқаруға не болмаса өрттің алдын алу үшін иғтикафты бұзып, далаға шығуға рұқсат етіледі. (Ибн Әбидин)
3. Әке-шешең, әйелің немесе балаларың сырқаттанып қалған жағдайда (оларға көмек керек болса немесе сырқат өте ауыр болса) иғтикафты бұзуға рұқсат етіледі.
4. Мәселен, үкіметтің тұтқындауға берген рұқсат қағазы келсе, иғтикафты бұзуға болады.
5. Мәйіт жатқан зембілді әкелсе және жаназа намазын оқитын ешкім болмаса, ондай жағдайда иғтикафты бұзуға болады (Фәтхуль-қадир).
Иғтикафтың бұзылуының салдары – қаза ережелері
1. Мәснун (сүннет) иғтикаф жоғарыда келтірілген себептердің бірінің салдарынан өз күшін жоғалтса, иғтикаф бұзылған күннің ғана қазасын өтеу уәжіп болады. Түгелдей он күннің қазасын өтеудің қажеті жоқ (Ибн Әбидин).
Сол күннің қазасын өтеудің тәртібі төмендегідей:
Осы Рамазанда уақыт болса, бір күннің күн батқан кезінен бастап, келесі күні күн батқанға дейін осы Рамазандағы қазаны өтеу ниетімен иғтикаф жасау керек. Дәл осы Рамазанда уақыт болмаса немесе қандай да бір себеппен бұл айда иғтикаф жасау мүмкін болмаса, Рамазаннан басқа кез келген күні ораза ұстап, иғтикаф жасауға болады. Екінші жағынан, иғтикафтың қазасын келесі Рамазанда да өтеуге болады. Дегенмен, оның сол уақытқа дейін өмір сүретініне ешқандай кепілдік жоқ болғандықтан, қазаны мейлінше тезірек өтеу керек.
2. Егер мәснун иғтикаф бұзылса, мешіттен шықпаған жөн. Бірақ, соңғы он күннің қалған бөлігінде нәпіл иғтикафқа ниет етіп, иғтикафты жалғастыруға болады. Осылайша, муаққада сүннет орындалмаса да, нәпіл иғтикафтың сауабын алуға мүмкіндік бар. Екінші жағынан иғтикаф әлдебір еріксіз себеппен бұзылған болса, Алла Тағаланың ол адамға Өзінің шексіз мейірімін төгіп, соңғы он күннің мәснун иғтикафындай сауап беруі де ғажап емес. Сондықтан, иғтикаф бұзылған жағдайда мешітте қалып, келесі күні нәпіл иғтикаф жасауға ниет еткен дұрыс.
Иғтикаф әдептері
Иғтикафтың мақсаты дүниеуиден түгелдей оқшауланып, бар жан-тәніңмен Алланы зікір етуге берілу болғандықтан, иғтикаф кезінде артық сөз бен қимылдан аулақ болу қажет. Уақытты парыз немесе абзал намаздарды оқумен, Құран оқумен, зікір немесе тәсбих айтумен және басқа да ғибадат түрлерін жасаумен өткізу керек. Оған қоса, ислам ғылымдарын үйрену немесе, керісінше, содан сабақ беру, діни ғылымдар бойынша кітаптарды зерттеу өте абзал амал болмақ.
Иғтикаф кезіндегі рұқсат етілетін (мубах) іс-әрекеттер
Иғтикаф халінде төмендегі іс-әрекеттермен айналысуға рұқсат етіледі:
1. Ішіп-жеу.
2. Өмірлік қажеттіліктерді қанағаттандыруға қатысты сатып алу-сатуға қажетті келісімдер. Алайда, мешітті сауда-саттық орнына айналдыруға болмайды (Кази Хан).
3. Ұйықтау.
4. Шашты қидыру, бірақ, шаш мешітті ластамауы керек.
5. Сөйлесуге болады, бірақ, артық әңгімеден аулақ болған жөн (Ибн Әбидин).
6. Неке қидыру және басқа да келісімдер жасау (Әл-Бәхр).
7. Киім ауыстыру, әтір мен иіссу себу (Куласатуль-фәтәуә).
8. Мешіттегі науқасқа көмектесу мақсатымен дәрі беру немесе таңғышын ауыстыру (Даруль-улюм Деобанд пәтуалары).
9. Құран мен дін сабақтарын беру (Ибн Әбидин).
10. Киім тігу және шомылу, бірақ, мешітке су шашылмауы керек. Бұл ереженің кір немесе ыдыс жууға да қатысы бар.
Бұл іс-әрекеттердің бәрі иғтикафты бұзбайды және мәкрүх болып саналмайды.
Иғтикаф кезіндегі мәкрүх іс-әрекеттер
1. Мүлде үнсіз болу, себебі, мүлде сөйлемеу иғтикафтың шарты емес. Егер кімде-кім иғтикафта үндемеу керек деген ниетпен үнсіздік сақтаса, жаман жаңалық (бидғат) енгізгені үшін күнәға батады. Алайда, үнсіздікті ғибадатқа жатқызбай, тек күнәдан аулақ болу үшін үнсіздік сақтауға рұқсат етіледі. Дегенмен, қажеттілік туындаған сайын сөйлесуден тыйылудың қажеті жоқ (Дурр әл-Мухтар).
2. Қажеттілік туындағанда сөйлесуге болады, алайда, бос сөз бен қажетсіз әңгімеден аулақ болған абзал (Минхатуль халик).
3. Сатуға арналған тауарды әкеліп, мешітте қалдырмаған жөн.
4. Мешітте иғтикаф жасап жатқан басқа да адамдарға немесе намаз оқып жатқандарға қиындық тудырып, орын алып отыру.
5. Иғтикаф кезінде хат жазғанға, киім тіккенге немесе оқытқанға адамдардан ақы алу мәкрүх болып саналады (Әл-Бәхр). Алайда, иғтикафтың сол күндерінде күн көруге қаражатың жоқ болса, табыс әкелетін қандай да бір іспен айналысуыңа болады (ең дұрысын Алла біледі).
Жалпы алғанда, сүннет-ғибадатты орындау кезінде мәкрүх іс-әрекеттермен айналысу дұрыс болмайды.
Мәнзур иғтикаф
Иғтикафтың екінші түрі – мәнзур иғтикаф, яғни, серт [нәзр] айтып, өзіңе міндет етіп алған иғтикаф.
Мұның иғтикафтың сирек кездесетін ерекше түрі екенін ескере отырып, төменде қажет ережелер ғана келтірілді. Толығырақ ақпарат алу үшін фиқһ кітаптарына немесе ғұламаларға жүгінген жөн.
Нәзр-иғтикафтың екі түрі бар: нәзр муайян және нәзр ғайр муайян.
1) нәзр муайян: белгілі бір күні немесе бірнеше күн не болмаса белгілі бір айда иғтикаф жасауға ниет еткенде.
Мәселен, Шағбан айының соңғы он күнінде иғтикаф жасаймын деген нәзр (ант) берген жағдайда. Алайда, әлдеқандай себеппен ол күндері ораза ұстай алмайтын болсаң, олардың қазасын басқа күндері өтеу керек. (Ибн Әбидин)
2) нәзр ғайр муайян: иғтикаф жасау үшін ешқандай нақты ай немесе күн белгіленбеген жағдайда. Мәселен, біреу үш күн бойы иғтикафта боламын деп нәзр жасайды. Оған өзі ораза ұстай алатын кез келген үш күнде иғтикаф жасауға рұқсат етіледі. Сөйтіп, ол сол күндері иғтикаф жасаса, оның нәзрі орындалады.
Нәпіл иғтикаф
1. Иғтикафтың үшінші түрі нәпіл иғтикаф деп аталады. Иғтикафтың бұл түрін орындау кезінде ораза ұстау міндет емес, оның белгілі бір уақыты немесе мерзімі жоқ. Кез келген уақытта және кез келген мерзімге иғтикаф жасау ниетімен мешітке кірсең, иғтикафтың сауабын аласың.
2. Рамазанның соңғы он күнінде егер кімде-кім он күннен аз уақытта иғтикафта болуға ниет еткен болса, ол нәпіл иғтикаф болады.
3. Егер кімде-кім мешітке намаз оқу мақсатымен барса және мешітке кіретін кезінде мешітте өткізетін уақытында иғтикаф жасағысы келетінін айтып, ниет етсе, онда ол иғтикафтың сауабын алады.
4. Мешітте отырған уақытта нәпіл иғтикаф өз күшінде болады. Мешіттен шыққанда ол иғтикаф аяқталады.
5. Нәпіл иғтикаф жасап жатқан адам иғтикафта қанша уақыт боламын деп ниет еткен болса, мешітте сонша уақыт болуы тиіс.
6. Әйткенмен, егер ол қандай да бір себеппен белгіленген уақыт өтпей тұрып мешіттен шықса, онда мешітте болған уақыты үшін сауап алады. Қалған аяқталмаған бөлігінің қазасын өтеуге міндетті емес (яғни, бұл оған уәжіп емес). (Ибн Әбидин).
7. Егер кімде-кім, мәселен, үш күн бойы иғтикафта болуға ниет етсе, содан соң мешітке кіргеннен кейін иғтикафын бұзатын әрекет жасаса, ондай жағдайда оның иғтикафы аяқталады, яғни, ол иғтикафы бұзылғанға дейін мешітте өткізген уақыты үшін сауап алады. Оның үстіне, (уақыттың аяқталмаған бөлігінің) қазасын өтеу оған уәжіп болмайды. Мұндай жағдайда ол өзі қаласа, мешіттен кетуіне болады немесе иғтикафқа қайтадан ниет етіп, мешітте қалуына болады. Мұндай жағдайда қанша уақыт иғтикафта болуға ниет етсе, сол уақытты аяқтағаны абзал болады.
Әйелдің иғтикафы
1. Иғтикафты ерлер ғана емес, әйелдер де орындай алады. Десе де, әйелдер иғтикафты мешітте жасамаулары керек. Олар өз үйлерінде ғана иғтикафқа кіре алады(бұл ‒ ханафи мәзһабының ғұламаларының пікірі, ал, шәфиғит ғұламалар, керісінше, иғтикаф мешітте ғана жасалады деп санайды).
Әйел адамның иғтикафының жөн-жосығы мынадай:
Әйелдер иғтикафты үйлерінде өздері намаз оқитын және басқа да ғибадаттарын жасайтын жерде орындаулары керек. Егер ондай орын бұрын-соңды белгіленбеген болса, иғтикаф басталмас бұрын сондай жерді белгілеп, сол жерде иғтикаф жасаған жөн (Ибн Әбидин)
2. Егер үйде намаз оқуға нақты бір жер белгіленбеген болса, ондай жағдайда әйел иғтикаф жасауға үйінің ішінен кез келген жерді белгілеп, сол жерде иғтикаф жасай алады. (Әләмгири)
3. Тұрмыстағы әйел иғтикаф жасау үшін міндетті түрде күйеуінің келісімін алуы тиіс. Әйел адам күйеуінің рұқсатынсыз иғтикафқа кіре алмайды. (Ибн Әбидин).Дегенмен, ерлер ешқандай себепсіз келісімдерін беруден бас тартып, әйелдерін иғтикаф жасау мүмкіндігінен айырмаулары керек.
4. Әйел күйеуінің рұқсатымен иғтикафқа кіргеннен кейін күйеуінің оған иғтикафты орындауға тыйым салуына немесе оны аяқтауға кедергі келтіруіне рұқсат етілмейді. Дегенмен, ол әйеліне иғтикаф жасауға кедергі келтірсе, әйел адамға ондай иғтикафты аяқтау қажет емес (Әләмгири).
5. Иғтикаф кезінде әйел адам хайыз немесе нифәс күйінде болмауы тиіс, яғни, ол хайыз немесе нифәс күйінде иғтикафқа кіре алмайды.
6. Сондықтан, әйел адам етеккірдің уақыты иғтикафқа тұспа тұс келетін-келмейтінін мәснун иғтикафқа кірмей тұрып анықтап алуы тиіс. Егер етеккір Рамазанның соңғы он күнінің соңында келуі керек болса, оның мәснун иғтикафқа кірмегені дұрыс. Десе де, ол етеккір келгенге дейін нәпіл иғтикаф жасай алады.
7. Егер әйел иғтикафқа кірген болса, сол уақыт аралығында етеккірі басталса, онда етеккір басталған бойда иғтикаф жасаудан бас тарту оған уәжіп (міндет) болады. Мұндай жағдайда оған (етеккірдің келуінің нәтижесінде) иғтикафты тоқтатуына тура келген күні үшін ғана иғтикаф жасау уәжіп болады.
Мұндай қазаның жөні мынадай:
Әйел етеккірден тазарғаннан кейін кез келген күні ораза ұстап, иғтикаф жасайды. Рамазанда уақыт қалса, қазаны Рамазанда өтеуіне болады. Мұндай жағдайда Рамазанның оразасы жеткілікті болады. Әйтсе де, ол етеккірден тазарған кезде Рамазан аяқталып кетсе, онда ол содан кейін бір күн бойы қаза иғтикафты өтеу үшін арнайы ораза ұстауы қажет. (Бехишти Зеуарға түсініктеме)
8. Мешітте иғтикафта болу ережелерінің бәрі әйел адамның өз үйінен иғтикаф жасау үшін таңдап алған орнына да қатысты. Оған шариғаттық қажеттіліксіз ол жерден кетуге рұқсат етілмейді. Ол жерден кетіп, үйдің басқа жеріне ауыса алмайды. Олай істесе, оның иғтикафы бұзылады.
9. Ерлердің мешіттен шығуына қатысты қолданылатын қағидалар әйелдерге де қатысты қолданылады. Ерлерге мешіттен шығуға рұқсат беретін қажеттіліктер мен талаптар (жаназа оқудан басқа) әйелге де иғтикаф орнынан кетуге рұқсат береді. Ерлердің мешіттен шығуын рұқсат ететін істер әйелге де иғтикаф орнынан шығуға рұқсат береді. Сол себепті, әйелдер иғтикафқа кіру үшін сәйкес бөлімде осыған дейін талқыланған мәснун иғтикаф ережелерімен мұқият танысулары керек.
10. Иғтикаф кезінде әйелдер иғтикаф орнында отырып, тігін тігіп, тоқыма тоқи алады. Сондай-ақ, олар үй шаруасын жүргізу мәселелерінде үйіндегі басқа адамдарға нұсқау бере алады. Дегенмен, олар иғтикаф үшін белгіленген жерден кете алмайды. Оның үстіне, әйел адамның иғтикаф кезінд зікірге, тәсбихке, Құран оқуға және өзге де ғибадат түрлеріне көңіл бөлгені абзал. Басқа мәселелерге аса көп уақытын арнамағаны дұрыс.