Таң 06:06 Күн 07:39 Бесін 12:06 Екінті 14:35 Ақшам 16:22 Құптан 17:55

Жәннат есігі сіз үшін осы дүниеде ашылғандығын қалайсыз ба?

434 muftyat.kz

Жәннат есігі сіз үшін осы дүниеде ашылғандығын қалайсыз ба?

Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) жәннатта бір адамның аяқ киімінің дауысын естиді. Ол дауысты күнделікті сүйретпе аяқ киімнің дауысына ұқсатты. Ондағы періштелерден бұл не дыбыс екендігін сұрайды. Бұл сәтте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жәннаттың іші-сыртын, кейін кіргізілетіндерді де алдын-ала Алланың құдіретімен көрген болатын. Сонда періштелер бұл дауыс Біләлдің (р.а.) аяқ киімінің даусы екендігін жеткізеді. Алла елшісі (с.ғ.с.) таң қалады. Осы оқиғадан кейін, ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) Біләлдан (р.а.) келіп сұрайды: «Иә, Біләл! Сені жәннатқа кіруге лайықты етіп, таразыңда ауыр басып тұрған қай амалың?» – деп сұрайды. Біләл (р.а.) осы сәтте ойлана бастады. Намаздары да, оразалары да өзінің жанындағы сахабалардай. Бірақ та, олардан ерекшеленетін бір артықша амалы болатын. Оның бойындағы осы қасиет өте аз адамдарда ғана еді. Біләл (р.а.) әрдайым дәретпен жүруді ұнататын. Сондай-ақ, әрбір мәрте дәрет алған сайын екі рәкәат нәпіл намаз оқитын.

Міне, үнемі дәретпен жүру және әрбір мәрте дәреттен кейін екі рәкәғат нәпіл намаз оқуы бізді жәннатқа жетелейтін амалдардан екен. Демек, бүгіннен бастап тек дәретпен жүруімізге не кедергі?!

Егер дәретпен жүретін болсаңыз әрдайым Құранды ұстауға, оны оқуға, қалаған сәтіңізде намаз оқуға, яғни әрдайым құлшылыққа әзір жүресіз. Жалпы, дәрет – мүміннің қорғанышы. Тазаланушы пендесін Раббысы да жақсы көретіні анық. Құранда «Бақара» сүресі, 222-аятында: «Шүбәсіз Алла (пендешілікпен істелген күнәнің артынша) қатты өкініп тәубе ететін тәубешіл құлдарын және үнемі (күнә атты рухани кірлерден) тазаланушыларды жақсы көреді», – деп сүйіншілейді. Егер иманды екіге бөлер болса, дәрет (тазалық) иманның жартысы болмақ. Сондықтан да, өміріңізде ең болмағанда осы қасиетті айда күніңізді дәретсіз күйде өткізбеңіз.

Дәрет алған сайын сіз бен біздің қателіктеріміз бен күнәларымыз төгіліп отырады. Дәрет алушы адам дәретіне қанша көлемде су жұмсаса, сол суының соңғы тамшысымен күнәларынан да түк қалмай төгіледі. Егер жүзін жуса, сол суымен көзіндегі, мұрнындағы тіліндегі күнәлары төгіледі. Қолдарынан да, аяқтарынан да солай қателіктері мен күнәлары төгілетін болады. Ал, қиямет күні махшарда әрбір жалғыз Алласына ғана иман еткендер дәрет алған орындарының нұрларын көретін болады. Тіпті, дәрет алып болғаннан кейін Аллаға ықыласты түрде дұғасын айтар болсаңыз Жәннат есіктері сіз үшін айқара ашылары тағы ақиқат.

Егер осы сөздерімді оқып отырған сәтіңізде дәретіңіз болса онда керемет. Ал дәретсіз отырған болсаңыз, дереу дәрет алуға ұмтылыңыз. Алла тағала жәннатымен сүйіншілесін! Кешті батырып төсегіңізге жатар болсаңыз дәретсіз күйде жатпаңыз. Себебі, дәретпен жатқан әрбір мүмінді Алла тағала қорғанына алады. Сіз үшін әрдайым дәретпен жүруіңізге Әлемдердің Раббысы Алла тағаланың қасиетті Құрандағы: «Шүбәсіз Алла тазаланушыларды жақсы көреді», – деген сөзі жеткілікті емес пе?!

Алла тағала әрбір игі амалымыз арқылы дүние және ақыреттегі дәрежелерімізді көтерсін!