Ата-анаңызға жақсылық жасауға асығыңыз!
951 muftyat.kz
Бүгінгі атқаратын амалымыз туралы тақырып өте маңызды. Бұл жыл бойы, өмір бойы үздіксіз атқарылуы тиіс амал. Бірақ, бүгін оны кішкене жақсырақ етіп жасауға, маңыздылық беруге ұмтыламыз.
Ислам діні негіздерінің бір тармағы – ата-анаға жақсылық жасау. Бұл - көркем мінездің ең биігі.
Мүмкін осы тұста сіздер: «Мен жылдың әрбір күні мен түні ата-анама жақсылық жасаудамын ғой», – деп айтуларыңыз мүмкін. Дұрыс! Бірақ бүгін сол жасалып жатқан жақсылығыңызды кішкене арттырып жасаңыз.
Ана! Жер бетін қанша шарласаңыз да өз анаңыздай мейірбанды таппайсыз. Ауырлықтан еңкейіп, шаштары ағарып, денелері әлсіреді, кім үшін? Әрине, мына сіз үшін! Сондай-ақ, таңның атысы, күннің батысы маңдайы терлеп еңбек етіп, қажып-шаршаған, шаштары сиреп ағарған әкеңіздің осы күйге жетуі кім үшін еді? Әлбетте, сіз үшін! Анаңыз бен әкеңіз! Осы екі құрметті жандар үшін бүгін не істеуге болады?
Егер олар сізден бөлек тұрса міндетті түрде оларға зиярат жасап, хал-ахуалдарын біліп қайтыңыз. Ол екеуіне арнайы анаңыз үшін, арнайы әкеңіз үшін сыйлық алыңыз.Ал, егер анаңыз немесе әкеңіз сіз тұрған қаладан басқа жақта болса оларға қоңырау шалыңыз. Басқа күндері 5 минут қана сөйлесетін болсаңыз, бүгін ұзартыңыз. Тіпті, 20 минут, жарты сағатқа дейін сөйлесіңіз.
Егер ата-анаңыз немесе ол екеуінің бірі дүниеден озып кеткен болса сізге деген махаббаттары мен жақсылықтарын аямай дүниеден өткен ата-анаңыз үшін түнде тұрып, ұйқыңыздан оянып, екі рәкәат намаз оқып, олар үшін дұға жасаңыз. Немесе Алла берген ризығыңыздан сауабының сол кісілерге жетуін үміт ете отырып садақа беріңіз.
Егер қаражатыңыз қажылық өтеуге жетіп тұрса ата-анаңызды Рамазан айының Умрасына алып барыңыз. Бұл ең керемет сыйлардан. Неге? Себебі, Рамазан айындағы Умра Пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) бірге жасалған қажылықтың сауабына тең. Ал, олар дүниеден озып кеткен болса, өзіңіз бәдәл[1] умрасын атқарсаңыз болады.
Бүгін ата-анамызға жақсылық жасамай кешті батырмайық. Ертең ата-анамызды разы қылмай таңды атырмайық. Ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.) өзінің хадисінде: «Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың наразылығы ата-ананың наразылығында», – деп ескерткен еді. Егер бүгін анамыз разы болып күлімсіресе, әкеміз разы болып күлімсіресе, одан асқан бақыт бар ма?! Алла жасаған амалымызды қабыл етсін!
[1] Ата-анаңыздың атынан атқаруға болатын кіші немесе үлкен қажылық. Жалпы, біреудің атынан жасалатын қажылықты Бәдәл қажылық деп атайды.