ОРАЗАДА ОРЫНДАЙТЫН 10 АМАЛ
455 Ағабек Қонарбайұлы
Бір ізгі адам «Рамазанның сауабынан құр қалу – бүкіл дүниенің игілігі мен жақсылығынан мақұрым болу» деген екен. Осы орайда оразада орындайтын он амалды назарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл насихат әуелі өзіме арналады.
- Құранмен дос болу
Құран оқылған, оған амал етілген үйде Алланың берекеті орнайды. Ардақты Пайғамбарымыз: «Үйлеріңізде Құран Кәрімді көп оқыңыздар...» деп өсиет еткен. Өйткені, «Құран оқу – көңілдің шипасы» (хадис).
Алла Елшісі Рамазан айында Құранды бірнеше рет хатым ететін. Қасиетті кітапты хатым етумен қатар, жаттауға, оған амал етуге тырыссақ – нұр үстіне нұр. Арапшадан оқи алмайтын адам аудармасын оқыса да сауап алады. Алланың мейірімі кең, Ол кеңшілік Иесі. Ниетке сай сауабын береді.
- Түнді намазбен өткізу
Түнгі намаз – жүректің тыныштығы, екіжүзділік дертіне шипа, Алламен берік байланыс орнататын риясыз құлшылық.
«Түнгі намазға аса мән беріңдер. Сендерден алдын өткен ізгі адамдар оны үнемі орындап жүретін. Түнгі намаз Жаратушыға жақындатады, жамандықтарыңды өшіреді және күнәлі іске баруға тосқауыл болады» (хадис).
Рамазанда оқылатын тарауық намазына тахажуд қосылса – құба-құп.
- Ұдайы дұғада болу
Дұға – мұсылманның қорғаны. «Дұға – ғибадаттың мәні» (хадис). Алла Тағала «Мүмин» сүресінің 60-аятында: «Менен сұраңдар. Тілектеріңді қабылдаймын», – деп уәде еткен.
Таңғы және кешкі, жұма және Қадір түнінде, т.б. уақыттарда айтылатын дұғаларға мән беру қажет.
Біздің бір басымызда қаншама проблема толып жатыр. Оның сыртында отбасымыз, туған-туыстарымыз, дос-жаран мен көршілеріміз үшін екі дүние игілігі тілейтін дұғамыз бар.
Рамазан – Жаратқаннан жарылқау тілейтін ай. Бір-бірімізге дұғада болайық. Алла Тағала жер бетінен жұқпалы індетті жойып, жақсылықта жолығуды жазсын. Еліміз бен жеріміздің берекеті үшін де дұға жасауды ұмытпайық.
- Пітір садақасын беру
Садақа – жамандықты жоятын амал, айналамыздағы көмекке зәру адамдардың ақысы.
Пітір садақасы – Рамазан айында пенделікпен жасап қойған қате-кемшіліктеріміздің өтеуі, жетіспеушілік салдарынан көңілі жабырқаған жарлы-жақыбайлардың ақысы. Басымыздың аманында, қолда аз-кем ақшаның барында пітір садақасын беріп, қоғамға шарапатымызды тигізейік.
Садақа – дәулетіміздің берекесін арттыратын амал. Мал-мүлік нәсіп еткен Алланың жолында жақсылық жасап, көптің тілеуін неге алмасқа?! «Сендердің араларыңдағы ең жақсыларың – адамдарға пайдалы болғандарың» (хадис).
- Ауызашар ұйымдастыру
Карантин кезінде топтасып жиналуға болмайды. Бұл – сауап іздеген адамға тығырыққа тірелу деген сөз емес. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ауызашарға кететін қаржылай шығынды немесе азық-түлікті көмекке мұқтаж отбасыларға таратуға кеңес берді.
Асылында құдайы асқа, ауызашарға тамақ тауып жеуі мұң болған жандар шақырылады. Мәселен, он адамға ауызашар бергіңіз келді делік. Ауызашарға кететін ақшаны соларға таратып берсеңіз де болады. Алланың қалауымен он адамға ауызашар бергеннің сауабын аласыз. Хадисте айтылғандай, мұсылманның ниеті амалынан қайырлы.
- Истиғфар айтып, салауат жолдау
Біз кейде зіл сөзбен, жағымсыз мінезбен қаншама жанның жүрегін жаралаймыз. Ойдан жүйрік дүние бар ма десеңші?! Санамызға қаншама бұзық ойлар келеді. Алла бізді жаман ойымызға байланысты жазалайтын болса... Айтудың өзі қорқынышты. Теріс ой мен ғайбат сөзіміз үшін кешірім сұраудың ең қарапайым үлгісі – «Алла мені кешірсін» деп истиғфар айту.
Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айту уайым мен қайғыдан арылтады. Алла Елшісіне салауат айтуымыз – өзімізге амандық пен береке тілеуіміз.
Сөз бен ойдың оразасы адамды тақуалыққа тәрбиелейді...
- Тамақты тежеу
Тамаққа қатысты насихат айтуға басқа-басқа мен лайықты емеспін. Тамақ – нәпсіге ең ұнамды дүниенің бірі. Дегенмен, Рамазан – аз тамақ жеп, көп құлшылық жасауға тәрбиелейтін ай. Расында, көп асаған көп ұйықтайды. Көп ұйықтаған көп игіліктен құр қалады. Ауызашар тамаққа тойып алатын сәт емес. «Ауру – астан» деген. Көп жеген артық салмақ жинайды. Артық салмақ ауру шақырады... Алла сақтасын!
- Уақытты жүйелеу
Рамазанда әрбір сәт маңызды. Уақыт – мүміннің нығметі, оны ізгі істерге арнасақ – досымыз, бос өткізсек – дұшпанымыз. Бір сәтте досыңа да, дұшпаныңа да айналатын уақытты қалай пайдалану – әркімнің өз таңдауында. Досты таңдайық!
- Оразада отбасыға көңіл бөлу
«Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген тәмсіл бар. Осы сөздің мағынасын «майыстырып» айтсақ: отбасы тәрбиесімен айналыспасаң, бала-шағаң сенімен айналысады. Расында, солай. Бала-шағаға көңіл бөлмесең, тәрбиесі нашарлап, сені бір күні ұятқа қалдырады.
Ауызашар, сәресі отбасымен рухани сұхбат құрудың сәулелі сәті емес пе? Сәтті жіберіп алмайық. Әр сәт – ғанибет...
- Өзімізді өзгертпесек...
Бір ғұлама «Рамазаншыл болма, Құдайшыл бол» деген екен. Расында, бір жұтым судың қадірін сездірген, шариғаттағы тыйым былай тұрсын, рұқсат етілген істен нәпсіні тежеуді үйреткен оразадан кейін өзімізді өзгертпесек енді ұят...
Бұл айтылған он амал біздің ойға келген дүниелер. Оған қосам десеңіз – мархабат!
Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ