Жарапазан. Форма мен мазмұн
Жарапазан – өзге мұсылман елдерінде жоқ, түркі тектес туысқан халықтардың еншісіндегі айта қалсын діни-этнографиялық дәстүрлердің бірі. Һәм бірегейі. Түркімен мен әзірбайжан «я-рамазан», Анадолы түріктері «рамазан манисі», қырғыз ағайындар «жарамазан» деп айтатын болған.
Кейбір шығыс халықтарындай Рамазан айы туғанда дауылпазбен көшеге шығып, дабыл ұрып жатпай-ақ өзінің дәстүріне бейімдеп, дала үлгісінде домбырамен айтатын жыр күйінде қайталауы бабаларымыздың діни-ассимиляцияның құрбаны болмайтын сана сергектігін аңғартады.
Жарапазан айту – ақпарат құралдары дамымаған кезеңде халықты қасиетті айдың келгенімен хабарландырудың бірегей платформасы. Ал, мазмұны жағынан, ол – біздің ұлттық һәм мұсылманшылық дүниетанымымыз.
Аз сөзді артық айта кетуге тура келеді; жарапазанды сый-сияпат, садақа сұраудың формасы ретінде қарастыру – кеңестік идеялогияның ғылым саласындағы исламофобиясы деп түйсінген абзал. Біздің мұсылманшылық дәстүріміз далаға бейімделіп, көшпенді өмір салтына барынша икемделген. Жарапазан да сондай дәстүрлерімізге жатады. Ана қырдың басында, ана сайдың ішінде отырған ағайынның қасиетті айдың туғанын білмей қалмасы үшін айтылды деу көкейге қонады.
Яғни, жарапазан айту – бүгінгідей ақпарат құралдары жоқ, хабарласу мүмкіндігі шектеулі заманда бабаларымыздың рамазан айының туғанын ел-жұрттың білмей қалмауы үшін шығарған игі дәстүрі. Ауылдың көзқарақты ақсақалдары, ел ағалары немесе молда-қожалар жаңа айдың туғанын көргеннен кейін жарапазан айтушылар арқылы ағайынды, тамам жұртты қасиетті айдың басталғаны туралы ақпараттандырып отырған.
Жақсылықтың басы
«Жеті атасын білген ер – жеті жұрттың қамын жер» дейді қазақ мақалы. Яғни, көптің (жеті жұрттың) қамын жеуді қазақ ердің ісі санаған. Ер болғанда да «жеті атасын білген» ердің. Тағы да мақалға қарасақ «Жеті атасын білмеген – жетесіз» екен. Демек, «жеті атасын біген» жетелі ердің ісі деп біліпті.
Жарапазан айту дәстүрінен қарабастың қамы емес, алты алаштың мұңын ойлаған ізгілік иісі аңқиды. Бабаларымыздың өзіне болғанды басқаға да болсын, өзі алған сауап пен қауышқан ләззатты басқалар да алсын, сезінсін деген бауырмашылдықтан, халықтың қамын жеген ерлік қасиет жатқанын байқаймыз.
Осылайша, бабаларымыз рамазан айындағы руханиятын жаңғыртудың, иманын қуаттаудың, жаман әдеттен жақсы әдетке көшудің, жақсылықпен мінезденудің бастамасын, көптің тілеуін тілеген жарапазан айтып, мен білген айдың жеткенін басқалар да біліп, бұл айдың берекесінен өзге ағайын да құр қалмаса екен деген үлкен ниет, мәртебелі амалмен басталғанын көріп қайран қаламыз.
Толағай сағыныш
Жарапазан мәтінін оқи отырып, мазмұны тіптен биік, тіптен құнды екенін аңдайсыз. Әлқисса...
Бұрын сахабалардың айлар бойы рамазан айын күтіп, өтіп кеткенде неше ай бойына қимастық сезімде жүретінін естіп таңданатын едік. Бақсақ, бұл бекзат мінез біздің аталарымызда да болған екен. Ол сағыныштың сазы біздің де даланы кернеп, оты көпшенділер жүрегінде де маздапты...
Жарапазанның бір тармағында былай дейіледі:
«Он екі айда бір келген ораза-иман».
Тағы бір тармағында;
«Бір келген он екі айда шақыр[1] рамазан».
немесе
«Әр айда бола бермес бұл Рамазан,
Қасиетін оразаның білмес надан» дейді.
Сөз танитын кісіге аңдалып тұр, кілгіген сағыныш, зарыққан, қадіріне жетіп, «бір ғана ай болғаны-ай», «тағы бірнеше айға жалғасқанда ғой» деген мақтадан мамық, қылдан нәзік сағыныштың лебі еседі.
Бала күнімізде көп көрдік. Қазақ үйіне арнайы жұмыспен келген қадірі үлкен ауылдасының өзін «ауыл үйдің қонағы жылында бір, айында бір» деп оңайлықпен жібере қоймай, тым құрыса түстік асып, сол кісіні үйімде отыра түссе екен, көсіліп әңгіме айтса екен, дастарханымнан ренжімей қайтса екен деп шын пейілін, ықылас-ынтасын қойып жігі-жапар болып күтетін еді. Келген кісінің буынына сөз түсіріп «жылына бір, айына бір» деп астарлай сөйлеп сағыныш пен биік бағалайтынын қоса жеткізіп, қанша асығып отырса да қазан көтеруге көндіретұғын.
Екі «қонаққа» айтылған құрмет, көрсетілген ілтипат, сөз астарымен аңғартылған сағыныш бірдей. Яғни, бабаларымыз да «жылына бір ғана» деп өздерінің осы айға деген сарқылмас сағынышын бейнелеген екен.
«Бұл айды көрген де бар, көрмеген де,
Жан қадырын білерсің терлегенде», - дейді. Яғни, Рамазан айына жете алмай кеткендер үшін күйініш білдіре отырып, сөз сарынында Алланың осы айға аман жеткізгеніне зор қуаныш айтады.
Мұндай сезімдер біздің халқымыздың Рамазан айына деген терең махаббатының, зор сағынышының әдебиеттегі куәсі саналады.
Демек, біздің халыққа үлгі ғып айтар, қазаққа меже ғып ұсынар идеял-құндылықтарымыз өз даламызда да бар деген сөз. Әңгіме соны жаңғыртып, халыққа ұсына білеуде жатыр.
Бабалар таныған Рамазан
Жарапазан тексттерінің ішінде мынандай мәтін кездеседі:
«Мұхаммед үмметіне шақыр рамазан,
Шамаң келсе ораза тұт, оқып Құран».
немесе
«Ықылас қып қарсы алыңыз, келсе шамаң,
Мұхаммед үмметіне шақыр рамазан» дейді.
Осы жолдардың өзінде терең діни дүниетаным жатқанын аңғаруға болады.
Яғни, біздің бабаларымыз бұл айды үмметтің айы ретінде ардақтаған. Шындығында да, «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, ал Рамазан – үмметімнің айы», - деген хадис бар. Осы хадистің «Рамазан – үмметімнің айы» деген қасиетті айға қатысты бөлігін ғана алып «Мұхаммед үмметіне шаһр рамазан» деп өлеңге айналдырып отыр.
«Шамаң жетсе ораза тұт, оқып Құран» дейді. Бұл жерде осы айға қатысты екі ғибадаттың түрі айтылып тұр. Біреуі – ораза тұту, біреуі – Құран оқу. «Ораза тұт» деп бұйрық раймен келуі оразаның парыздығын білдірсе, «шамаң келсе» деген шартпен келуі діндегі шамасы келмейтін адамдарға жеңілдіктер барын меңзейді. Айталық, дінімізде жас балаға, ақылынан адасқан адамға ораза ұстау парыз емес. Ал, жеңілдіктер туралы Құрандағы «Бақара» сүресінің, 185-аятында Алла Тағала: «Ал, біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде оразасының санын толтырсын», - десе, Пайғамбар ғалайһиссәләмнің хадистерінде қарттық жеңген адам[2] мен жазылудан үміті жоқ кісінің[3] пидия[4] өтеуіне рұқсат етті. Ал, жүкті немесе емшекте баласы бар әйелге[5], денсаулығынан қауіптенген адамдарға артынан қазасын ұстауға болады. Міне, жарапазан жырында «шамаң жетсе» деп келуі, ораза парыз құлшылық бола тұрса да дінімізде жоғарыдағыдай жеңілдік үкімдері бар екенін меңзеуден туған.
Ал, «оқып Құран» дегені бұл айдың, баршамыз естіп жүргендей «Құран айы» екенін меңзейді. Тағы бір жарапазан жолында «Үшбу айда енді[6] бізге кәләм – Құран» дейді. Яғни, Алланың сөзі (Кәләмолла) болған Құран Кәрім осы айда түсе бастаған. Ол жайлы «Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді...» деген аят бар. Бұл айда Пайғамбарымыз ғалайһиссәләм Жәбірейілге түскен Құранды қайталап отырған.
Сондықтан да мұсылмандар арасында Рамазан айын «Құран айы» деп білетін ертеден келе жатқан таным бар. Бұндағы мұрат та, мағына да Құранды көбірек оқу, сол арқылы құндылықтарын бойға сіңіріп, өмірге енгізу болатын болса, осыны бабаларымыз бір-ақ ауыз сөзбен жеткізіп отыр.
Қала берді, «Бұл айда кешер Алла жазығыңды[7]» деу арқылы бұл айдың күнәлар кешірілетін мейірім айы, кешірім айы екенін еске салады. Ал «Бұл айда шайтан лағын қорқып қашар, Есігін сегіз жұмақ періште ашар» деп елге машһүр жаннат есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылатынын айтады. Бұның барлығы да бізге хадистерден мағлұм құндылықтар.
Міне, біздің бабаларымыздың бұл айға деген таным-түсінігі. Бір ғана жарапазан жырына осынша мол мағлұматты жинай отырып, халыққа Рамазан айының қадір-қасиетін насихаттапты.
Сол кездегі руханият өкілдерінің шеберлігі сондай аят, хадистің арабша текстін айтып, халықтың түсінігіне ауырлатпай-ақ, танымын, өзегі мен мәнісін, мұратын өлеңге айналдырып жеткізіп отырған. Былайғы жұртқа ұғынықты, көпшілікке түсінікті, өз тілінде. Діліне сіңіп, өміріне айналып кетуге оңай. Шынында, біздің жұрт күнделікті өмірге қатысты арабша хадистерді білмеуі мүмкін. Бірақ, хадисте айтылған құндылықтарды ұстанып жүретінін, тіпті сан ғасырлық дүниетанымына айналып кеткенін көресің. Міне, біз айтатын дінді жеңілдету дегеннің бабалар көрсеткен бір көрінісі осы болар.
Құранда айтатын «даналықпен жеткізу» деген осы емес пе.
[1] Шақыр – арабша «шаһр (ай)» деген сөзден шыққан ( - О.С.).
[2] Әл-Бухари, 7/179. Әд-Дарақутни, 2/205
[3] “әл-Муғни”, 4/396
[4] Ұстай алмаған бір күнге бір міскінді тойдыратын төлем түрі.
[5] Әт-Тирмизи, 715. Абу Дауд, 2408. ән-Нәсаи, 2277
[6] Түсті, түсірілді деген мағынада ( - О.С.).
[7] Күнәңді деген сөз( - О.С.).