Таң 06:07 Күн 07:41 Бесін 12:06 Екінті 14:34 Ақшам 16:21 Құптан 17:55

СӘРЕСІ МЕН АУЫЗАШАР ЖАЙЫНДА

565

СӘРЕСІ МЕН АУЫЗАШАР ЖАЙЫНДА

Рамазан айы барынша пайдалы болуы үшін, күн тәртібі мен ас мәзірін дайындап алу өте маңызды. Ораза – тән мен рухтың пайдасы, алайда адам өзі талпыныс жасап, оңды нәтижеге қол жеткізу үшін еңбек еткен кезде ғана сол пайдаға қол жеткізе алады.

Өзі-өзіне деген бейғамдық денсаулыққа айтарлықтай зиянын әкелуі мүмкін, сондықтан, сәресі мен ауызашар уақытында тұтынатын тағамдарға көңіл бөлген дұрыс. Әсіресе, оразаның алғашқы күндері ағзамыз жаңа тәртіпке үйренісуі үшін, оған демеу қажет. Денсаулық – аманат екенін естен шығармаған жөн.

Бұл мақалада сәресі мен ауызашар уақыттарына қатысты бірнеше кеңестермен бөлісеміз.

Ең алдымен, назарларыңызды сәрісін жіберіп алмауға аударғымыз келеді. Әнас ибн Мәлік Алла Елшісінің ﷺ :

«Сәресін ішіңдер, расында сәресінде береке бар»,- дегенін жеткізген.

Сәресінің ағзамызға пайдасы өте мол. Сәресі қаншалықты тойымды әрі дұрыс болса, біздің күні бойғы жағдайымыз да сондай болмақ. Аузын бекіткен адам құрамында протеині мол тағамдарды пайдаланғаны абзал. Атап айтқанда: майсыз ет, жұмыртқа, қаймақ, сүзбе, сүт және сыр. Сонымен қатар, көбірек су ішу қажет.

Ас мәзірінен кептірілген ет, шұжық, тәттілерді азайтқан жөн. Себебі олар шөлдетеді. Ең дұрысы таңға дейін ас ішіп, сәресінен соң лезде ұйқыға кетпеген абзал. Құран оқып, дұға етуге де уақыт бөлу керек.

Ауыз ашар жайлы айтқан кезде ардақты Елшінің ﷺ:

«Кімде-кім ауыз ашар болса, құрмамен ашсын, себебі құрмада береке бар. Егер құрма болмаса, сумен ашсын, себебі ол тазартушы»,- деген сөзін айтпасқа болмайды.

Ауыз ашудың ең басты ережесі – шектен тыс тамақтанбау. Әйтпесе, денсаулығымызға зиян келуі ықтимал. Ауыз ашқан соң міндетті түрде намаз оқып, содан соң тамақ ішуге отырған дұрыс. Ораза кезінде ұннан жасалған, майлы, қуырылған және ащы тамақтардан бас тартқан жөн. Оның орнына жеміс-жидек, көкеніс, майсыз сорпаларды ішу керек.