Таң 06:19 Күн 07:55 Бесін 12:10 Екінті 14:27 Ақшам 16:14 Құптан 17:50

593 minbar.kz

Ибн Қайим, рахимахуллах, былай деген: «Иғтикафтың түпкі мақсатыадамның жүрегін Аллаға байлау. Ол кезде адам өзінің жан-дүниесіне көңіл бөліп, дүниеуи нәрселерге деген уайым-қайғыдан арылып, оның жүрегінен мәңгілік өмір жайлы ойлар орын тебеді, сөйтіп, оның үрейінің, үмітінің, сезімдерінің орнын Аллаға деген махаббат пен Ол жайлы ойлар басады. Дүниеуиге бола алаңдаушылық Жаратқан Аллаға деген қорқынышқа айналады, әр ойы мен сезімі арқылы Оның разылығына жетуге талпынады; дүниеге деген адалдықтың орнын Аллаға деген адалдық басады. Досың да, көмекшің де болмайтын қабірдің табалдырығы осы болады. Рамазанның ең асқақ бөлшегі болып саналатын иғтикафтың, Рамазанның соңғы он күнінің биік мақсаты осы».


Шах Уәлиулла былай дейді: «Мешітте иғтикаф жасау ақыл-ойдың алаңсыздығы мен жүректің тазаруына қол жеткізуге сеп болады. Ол кезде адам (Аллаға берілуде) періштелермен бірдей болады, Ләйләтүл-Қадрды көруге, намаз бен ой толғауға бар болмысымен ынта қоюға мүмкіндігі болады. Алла Тағала Рамазанның соңғы он күнін сол үшін айрықша бөліп-жарып, оны тақуа әрі ізгілікті құлдарының сүннеті етті».

Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) иғтикафты ешқашан қалдырмаған, сол себепті, көптеген мұсылмандар оған бұл істе еруге тырысады. ИғтикафРамазан айының ерекшелігіне айналды және адал әрі тақуа құлдардың жасайтын амалы болып саналады. Аиша (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірінің ақырына дейін жыл сайын Рамазан айының соңғы он күнінде иғтикаф жасап отырғанын риуаят еткен. Ол дүние салғаннан кейін әйелдері осы дәстүрді сақтап қалған (Бұхари). Сондай-ақ, Әбу Хурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілгендей, Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) жыл сайын Рамазан айында он күн бойы иғтикафқа кіріп отырған, ал, қайтыс болатын жылы жиырма күн бойы иғтикафта болған. (Бұхари).

Иғтикафтың мәні

Иғтикаф белгілі бір уақыт аралығында иғтикафқа кіру ниетімен мешітте болуды білдіреді. Жалпы алғанда, иғтикаф болып саналуы үшін мешітте қанша уақыт өткізу керектігіне қатысты белгілі бір шектеу жоқ. Алайда, сүннет-иғтикафтың ұзақтығы Рамазанда он күннен кем болмауы тиіс, әйтпесе, сүннет орындалған болып саналмайды. Егер кімде-кім уәжіп иғтикаф (серт бойынша иғтикаф) жасауға уәде берген болса, ондай иғтикаф бір күн, бір түн уақыттан кем болмауы тиіс (Бәдәи әс-Санаи).

Иғтикафты кім жасай алады

1. Иғтикаф жасалған болып саналуы үшін адам дені сау мұсылман болуы керек (ақыл-есі дұрыс болуы тиіс); ақыл-есі дұрыс емес адамның немесе кәпірдің иғтикафы қабыл болмайды. Алайда, (балиғатқа толмаған) бала намаз оқып, ораза ұстай алатынындай және бұлар орындалды деп саналатынындай болса, ол да иғтикаф жасай алады (Бәдәи әс-Санаи).

2. Әйел адам да өз үйінде, ғибадатқа арналған арнайы жерде отырып иғтикаф жасай алады. Алайда, ол иғтикаф жасау үшін күйеуінің рұқсатын алуы қажет. Оның үстіне, оның хайыз немесе нифәс күйінде болмауы да маңызды.

3. Сүннет-иғтикаф пен уәжіп-иғтикаф үшін ораза да ұстау керек. Ораза ұстамаған адам иғтикафтың аталмыш категорияларын орындай алмайды. Бірақ, нәпіл-иғтикаф үшін ораза ұстау міндетті емес.

Иғтикаф жасайтын жер

Ерлер иғтикафты тек қана мешітте жасай алады. Иғтикаф жасауға ең мүбәрак жер – Меккедегі Харам мешіті, иғтикаф жасауға маңыздылығы бойынша келесі жер – Мәдинадағы Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мешіті, иғтикаф жасауға үшінші берекелі жер – Иерусалимдегі Әл-Ақса Мешіті, төртіншісі – қаланың әрбір жұма мешіті. Алайда, иғтикафты міндетті түрде жұма мешітте жасаудың қажеті жоқ, жамағатпен күнделікті бес уақыт намаз оқылатын кез келген мешітте жасай беруге болады. Ал, егер ол мешітте күнделікті бес уақыт намаз оқылмайтын болса, бұл жағдайға қатысты ғұламалардың арасында әр түрлі пікірлер бар, кейбіреулер ондай мешітте иғтикаф жасауға болады десе, тағы біреулері болмайды деген ойда (Ибн Әбидин).

Алайда, иғтикафты күнделікті бес уақыт намаз тек Рамазан айында ғана оқылатын мешітте жасауға болмайды (Фәтәуә Рахимийя, 2-том, 30-бет).

Иғтикафтың түрлері

Мәснун иғтикаф (сүннет-иғтикаф): иғтикафтың бұл түрі Рамазан айында ғана, оның соңғы он күнінде жасалады. Ол Рамазанның 21-ші түнінде басталып, Шәууәл айының айы көрінгенде (яғни, Идуль-фитр мейрамының қарсаңында) аяқталады. Оның сүннет деп аталатын себебі ‒ Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл иғтикафты әр Рамазанда жасайтын болған.
Нәпіл иғтикаф – оны кез келген уақытта жасай беруге болады.

Уәжіп иғтикаф: бұл иғтикафтың екі түріне де қатысты. Серт беріп немесе ант (нәзр) ішудің нәтижесінде уәжіп болатын иғтикаф немесе қаза болған мәснун иғтикафты өтегенде жасалатын қаза иғтикаф.

Мәснун-иғтикафтың маңызы

Рамазанның он күнінде жасалатын иғтикаф мәснун иғтикаф ретінде белгілі. Бұл иғтикафтың уақыты Рамазанның 20-шы күні аяқталғаннан кейін, яғни, күн батқан соң басталып, Шәууәл айы (Ид айы) туғанға дейін жалғасады. Бұл иғтикаф Рамазанның жиырма бірінші түнінен басталатындықтан, ал, түн күн батқаннан бастап кіреді деп саналатындықтан, бұл иғтикафты орындағысы келетін адам ақшам намазына дейін мешіттің шекрасынан өтуі керек. Өйткені, күн батқан шақта ол мешітте отыруы қажет.

Мәснун иғтикаф муаққада кифайя сүннет болып саналады. Бұл дегеніміз ‒ қандай да бір мешіті бар ауданда тұратын бір адам иғтикаф жасаса, ондай жағдайда иғтикаф сол аймақтағы барлық тұрғындардың атынан жасалады. Ал, егер ол ауданда ешкім иғтикафқа кірмесе, сүннетті орындамаудың күнәсі сол аймақ тұрғындарының барлығының мойнында болады.

Жоғарыда айтылғандардан белгілі болғандай, өз аймағындағы тұрғындардың арасынан мешітте иғтикафқа кіретін адам болатын-болмайтынын сұрастырып білу ‒ ауданның немесе ауылдың әрбір тұрғынының міндеті.

Алайда, иғтикаф жасату үшін біреуді ақыға жалдауға жол берілмейді, себебі, ақшаға немесе төлемақыға ғибадат жасауға рұқсат жоқ (Ибн Әбидин).

Қандай да бір аудандағы тұрғындардың ешқайсысының салмақты жағдайға байланысты иғтикаф жасауға мүмкіндігі болмаса, өзге аймақтан иғтикаф жасайтын адам шақыру керек (Даруль улюм Деобанд пәтуалары).

Иғтикафтың негізгі қағидасы мынада: салмақты болып саналатын себептерді қоспағанда (толығырақ төменде келтіріледі) иғтикаф уақытында мешіт аумағынан шықпау. Егер иғтикафтағы адам (бір сәтке болса да) ешқандай салмақты себепсіз мешіт аумағынан шықса, иғтикафтың ол күні өз күшін жояды.

Шариғи қажеттілік себепті мешіттен шығу

Біз мұнда шариғи қажеттілік деп иғтикафтағы адамға шариғат бойынша мешіттен шығуға рұқсат етілетін қажеттілікті айтып отырмыз. Егер ол мешіттен төмендегі себептермен шықса, иғтикаф өз күшін жоймайды:

1. Дәрет сындыру қажеттілігі.

2. Жүніп болған жағдайда мешіттің өзінде ғұсыл алуға мүмкіндік болмаса, ғұсыл алу қажеттілігі.

3. Мешітте дәрет алуға мүмкіндік болмаса, дәрет алу қажеттілігі.

4. Басқа әкелетін адам болмаса (иғтикаф жасап жатқан адамға), тамақ немесе су әкелу қажеттілігі.

5. Азаншының азан айту үшін шығу қажеттілігі.

6. Егер (иғтикаф жасалып жатқан) мешітте жұма намазы оқылмайтын болса, жұма намазын оқу үшін басқа мешітке баруға рұқсат етіледі.

7. Әлдеқандай төтенше жағдайда (өрт, табиғи апат жағдайында, өміріңе қатер төнгенде) басқа аудандағы мешітке ауысу қажеттілігі.

Бұл қажеттіліктерден басқа себеппен мешіт шегінен шығуға рұқсат етілмейді. Біз әрі қарай, Алланың қалауымен, әр себепті толығырақ қарастырмақпыз.

Табиғи қажеттілік

1) Иғтикафтағы адам үлкен немесе кіші дәретке отыру үшін мешіттен шыға алады. Кіші дәретке келер болсақ, мешітке жақын дәрет сындыратын жерге бару керек. Үлкен дәретке келер болсақ, дәретхана мешітке жапсарластырып салынған болса, сол жерде дәрет сындыру қажет, басқа жерге баруға рұқсат етілмейді. Алайда, өзінің мінезіне бола немесе қандай да бір сырқаты болғандықтан, өз үйінен басқа жерде дәретке отыра алмайтын болса, дәретхана мешіттің жанында орналасқан күнде де оған сол үшін үйіне баруға рұқсат етіледі. (Ибн Әбидин).

Егер ондай қиындық болмаса, мешіттегі дәретханаға баруы керек. Ондай адам мешіттегі әжетханаға бармай, үйіне барса, кейбір ғұламалардың пікіріне сәйкес, оның иғтикафы бұзылады (Ибн Әбидин).

2) Мешітте дәретхана жоқ болса немесе онда дәретке отыру мүмкін болмаса, қаншалықты алыстығына қарамастан, дәрет сындыру үшін үйіңе баруға рұқсат етіледі (Ибн Әбидин).

3) Досыңның немесе туысыңның үйі мешіттің жанында болса, дәретке отыру үшін соның үйіне бару міндетті емес. Соған қарамастан, өз үйің мешіттен досыңның немесе туысыңның үйіне қарағанда алыс болса да, өз үйіңе баруға рұқсат етіледі (Ибн Әбидин)

4) Екі үйі бар адам мешітке жақынырақ үйіне баруы тиіс. Егер ол алысырақ үйіне барса, кейбір ғұламалардың пікіріне сәйкес, оның иғтикафы күшін жояды. (Әләмгири)

5) Дәретхана бос болмаса, босағанша күтуге болады. Бірақ, онда дәрет сындыруға қажет уақыттан бір минут та артық қалуға болмайды. Одан ұзақ уақыт қалған адамның иғтикафы бұзылады. (Бәрджәнди)

6) Біреумен амандасуға немесе сәлемге жауап беруге, яки үйде аздап сөйлесуге не болмаса дәретаханаға барар және қайтар жолда қысқаша сөйлесуге рұқсат етіледі, бірақ, қысқа тілдесумен шектелу керек (Миркат).

7) Дәретаханаға тез барып, тез қайту міндетті емес. Асықпай жүруге де болады. (Әләмгири).

8) Әжетханаға барар жолда біреудің өтінішімен тоқтамаған дұрыс. Иғтикафтағы адам (әлгі адамның өтінішін орындай алатын) басқа біреуді көрсетуі тиіс. Егер кімде-кім біреудің өтінішімен белгілі бір мақсатта тоқтаса, оның иғтикафы күшін жояды.

Бұл қарызы бар адамды соған қарыз берген адамның тоқтатуына да қатысты. Имам Әбу Ханифаның пікіріне сәйкес, мұндай жағдайда иғтикаф өз күшін жояды. Алайда, Әбу Юсуф пен Мухаммад имамдардың пікірлеріне сәйкес, мұндай жағдайда иғтикаф өз күшін жоймайды. Имам Сарахси да жеңілдігіне қарап, соңғы екі имамның пікірлерін құп көрген (Мабсут).Әйткенмен, сақтық ретінде, қандай жағдай болмасын, жолда тоқтамаған жөн.

9) Егер кімде-кім дәрет сындыру үшін үйіне барған болса, дәретке отырғаннан кейін сол жерде дәрет алуына рұқсат етіледі. (Мәджмәул Әнхар)

10) Истинжа (дәрет сындырғаннан кейін нәжістен тазару) «дәрет сындыру» ұғымына кіреді. Сондықтан, егер кімде-кім шыжыңмен ауыратын болса, сол себепті истинжа жасау үшін далаға шығуына болады. Ғұламалар истинжаны адамға мешіттен шығуға рұқсат беретін бөлек қажеттілік деп санайды. (Ибн Әбидин)

11) Иғтикаф кезінде дәретті болу уәжіп [міндетті] емес, мүстахап [абзал] болып табылады. Тәпсір мен фиқһ кітаптарын дәретті күйде оқу да мүстахап. (Фәтәуә Махмудийя, 3-ші том, 117/2 бет)

12) Иғтикаф кезінде мешітке келушілерден жоқ адамдарды сұрап тұруға болады. (Сол жерде).

Ғұсыл

Иғтикафтағы адамға шәуеті бөлінген жағдайда ғұсыл алу мақсатында мешіттен шығуға рұқсат етіледі. Егер, мәселен, үлкен легеннің ішінде отырып, мешіттің ішіне су шашпай, үстіне су құйып, мешітте ғұсыл алуға мүмкіндік болса, ол адамға ғұсыл алу үшін далаға шығуға рұқсат етілмейді. Алайда, бұл мүмкін болмаса немесе үлкен қиындық тудырса, оған ғұсыл алу үшін мешіттен шығу рұқсат етіледі (Фәтхуль Қадир). Егер қандай да бір себеппен мешітте ғұсыл алуға мүмкіндік болмаса, ғұсыл алуға үйіңе баруға болады.

Жүніп болған жағдайдағы ғұсылдан басқа ғұсылды алу үшін мешіттен шығуға рұқсат етілмейді. Жұмаға ғұсыл алу үшін немесе жай ғана шомылу үшін (мәселен, салқындау мақсатында) мешіттен шығуға жол берілмейді. Егер кімде-кім сондай мақсатпен мешіттен шықса, оның иғтикафы бұзылады. Ол мешіттің бір жерінде ғұсыл алуға тырысуына болады – мәселен, үлкен легеннің ішінде отырып, мешіттің ішіне суды шашыратпай, үстіне су құйса болады (яки егер мешітте ғұсыл алуға арнайы бөлінген жер болса).

Тамақ

Иғтикафтағы адамның мешітке тамақ пен су әкеліп бере алатын туыстары немесе достары болса, оған тамақтану үшін мешіттен шығуға рұқсат етілмейді. Алайда, оның тамақ пен су әкеліп беретін ешкімі жоқ болса, сол үшін мешіттен шығуына рұқсат етіледі (әл-Бәхру р-Раик). Алайда, тамақ пен суды мешітке әкеліп, жеу керек (Кифайятуль-мүфти).

Ондай адамның тағы бір ескеретіні, ол мешіттен тамақ табылатын уақытта шыға алады, қандай да бір себеппен күтуіне тура келсе (мәселен, тамақты сатып алу үшін), күту рұқсат етіледі.

Азан мен жұма намазы

1) Егер азаншы иғтикафта болса, оған азан айту үшін мешіттен шығу керек болса, сол мақсатта далаға шығуына рұқсат етіледі. Бірақ, азан айтып болғаннан кейін ол жерде кідірмеуі тиіс.

2) Егер кімде-кім азаншы болмаса да, белгілі бір намаздың азанын айтқысы келсе, оған да сол мақсатта мешіттен шығуға рұқсат етіледі (Мәбсут).

3) Мешіттің мұнарасының есігі мешіттің ішінде болса, мұнараға көтерілуге рұқсат етіледі. Себебі, ол мешіттің құрамдас бөлігі болып табылады. Алайда, мұнараның есігі мешіттің сыртында болса, азан оқу қажет болмаса, иғтикафтағы адамға мұнараға көтерілуге рұқсат етілмейді (Ибн Әбидин).

4) Иғтикафты жұма намаз оқылатын мешітте жасаған абзал. Алайда, ол мешітте күнделікті бес уақыт намаз ғана оқылып, жұма намаз оқылмайтын болса, ондай мешітте иғтикаф жасау рұқсат етіледі (Әләмгири).

5) Ондай жағдайда жұма намазын оқу үшін басқа мешітке баруға рұқсат етіледі. Алайда, жұма мешітке келгенде төрт рәкағат сүннет намазды оқып, жұма құтпасына қатысуға үлгеретіндей өз мешітіңнен уақытты есептеп шығу керек (сол жерде).

6) Иғтикафтағы адам жұма намазын оқу үшін белгілі бір мешітке барған болса, сол мешітте парыздарды оқып болғаннан кейін сүннет намаздарды оқуына болады. Дегенмен, содан кейін ол мешітте қала алмайды. (Сол жерде). (Намаз оқуға) қажет уақыттан артық мерзімге бөгеліп қалса, оның иғтикафы бұзылмайды, өйткені, ол мешітте болады. (Бәдаи)

7) Егер кімде-кім жұма намазын оқу үшін жұма мешітке келіп, сол жерде қалып қойса және иғтикафтың қалған уақытын (жұма мешітте) аяқтаса, оның иғтикафы орындалған болып саналады. Алайда, олай жасамаған абзал. (Әләмгири). Иғтикафты бір мешітте жасап, тарауық намазды басқа мешітте оқуға болады, ол үшін (тарауық оқу кезінде) иғтикафқа ниет ету керек (Әләмгири, 1-том, 199-бет).

Мешіт ауыстыру

Иғтикафтағы адам иғтикафты бастаған мешітінде аяқтауға міндетті. Алайда, егер ол мешітте иғтикаф жасай алмайтындай әлдеқандай төтенше жағдайларға тап болса, мәселен, мешіт құлайды деген қауіп туындаса немесе оны ол жерден шығуға мәжбүрлеп жатса не болмаса оның өміріне не мүлігіне қатер төнсе, басқа мешітке ауысып, иғтикафты сол жерде аяқтауына болады. Кімде-кім мешіттен сондай жағдайда шықса, оның иғтикафы бұзылмайды. Бірақ, ол мешіттен шыққаннан кейін жолда күтіп, бөгеліп қалмай, дереу басқа мешітке жол тартуы тиіс. (Әләмгири)

Жаназа намазын оқу мен науқасты зиярат ету

1) Жалпы алғанда, иғтикафтағы адамның жаназа намазға қатысу үшін немесе науқасты зиярат ету үшін мешіттен шығуына жол берілмейді. Алайда, егер ол, мәселен, дәрет сындыру үшін шығып, жол-жөнекей біреудің халін сұраса немесе жаназа намазына қатысса, оның иғтикафы өз күшінде қалады (Бәдаи). 'Аиша (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өз жөнімен кетіп бара жатып, науқастың халін сұрағанын және діттеген жеріне баратын жолдан ауытқымағанын баяндаған. (Әбу Дауд). Жаназа намазын оқуға келер болсақ, намаз аяқталғаннан кейін ол жерде бөгелмеу шарт болып табылады. (Миркат).

2) Оның үстіне, кімде-кім иғтикафқа ниет еткен кезде иғтикаф кезінде белгілі бір науқастарды зиярат етуді, жаназа намаздарға қатысуды немесе қандай да бір діни жиындарға баруды ойласа, солай істеуіне болады және оған сондай мақсатта мешіттен шығуға рұқсат етіледі және оның иғтикафы күшін жоймайды. Десе де, ондай жағдайда оның иғтикафы сүннет-иғтикаф емес, нәпіл-иғтикаф болады.

Иғтикафты бұзатын іс-әрекеттер

1. Жоғарыда аталып өткен жайттардан бөлек, егер кімде-кім мешіттен бір сәтке болса да (қажеттіліктен) басқа мақсатта шықса, иғтикаф бұзылады (Хидая). Сондықтан, мешіттің сыртына аяқ басқан бойда ол мешіттен шыққан болып саналады. Сол себепті, егер ол мешіттен басын ғана шығарса, оның иғтикафы бұзылмайды. (Әл Бәхру р-Раик).

2. Дәл сол сияқты, иғтикафтағы адам мешіттен расында да шариғаттық қажеттілікпен шықса, бірақ, қажеттілік аяқталғаннан кейін ол мешіттен тыс жерде бір сәтке болса да күтіп немесе кідіріп қалса, оның иғтикафы бұзылады. (Ибн Әбидин).

3.Шариғаттық қажеттіліксіз әдейі, ұмытып кетіп немесе қателесіп мешіттен шыққан адамның иғтикафы бұзылады. Десе де, қателесіп немесе ұмытып кетіп мешіттен шыққан адам иғтикафты бұзғаны үшін күнәға батпайды. (сол жерде).

4. Мешіттің аймағына жатады деген оймен қателесіп, мешіттен шыққан адамның да иғтикафы бұзылады. Сол себепті, мешіттің шекарасы қай жерде екенін иғтикафқа кірмес бұрын анықтап алу қажет.

5. Иғтикафтың шарты ораза болғандықтан, әдейі болсын, мейлі, қателесіп немесе ұмытып кетіп болсын, ораза бұзылса, иғтикаф та күшін жояды. Осы жағдайдың қайсысы болса да, иғтикаф бұзылады. Мәселен, кімде-кім әлі таң атқан жоқ деген оймен немесе, керісінше, күн батып кетті деген оймен тамақ жеп қойса; немесе аузын шайған кезде тамағына су кірсе. Осы жағдайлардың бәрінде ораза да, соған сәйкес иғтикаф та бұзылады.

Алайда, аузы берік екені есінен шығып кетіп, ішіп-жеп қойған адамның оразасы да, иғтикафы да бұзылмайды. (Ибн Әбидин)

6. Иғтикаф жыныстық қатынастың нәтижесінде де өз күшін жояды, мейлі ол әдейі немесе қателесіп болсын, күндіз немесе түнде болсын, мешіттің ішінде немесе басқа жерде болсын, шәует шықсын не шықпасын. Осы жағдайлардың бәрінде иғтикаф бұзылады.

7. Иғтикаф кезінде сүйісіп, құшақтасуға жол берілмейді ‒ соның нәтижесінде шәует бөлінсе, иғтикаф бұзылады. Дегенмен, шәует бөлінбесе, ондай әрекеттердің харам екендігіне қарамастан, иғтикаф бұзылмайды. (Хидая).

Иғтикафты бұзса, күнә болып саналмайтын жағдайлар

1. Кімде-кім иғтикаф кезінде қатты ауырып қалып, мешіттен шықса ғана емделетін болса, иғтикафты бұзуға рұқсат етіледі.

2. Суға батып бара жатқан немесе өртке тап болған адамды құтқаруға не болмаса өрттің алдын алу үшін иғтикафты бұзып, далаға шығуға рұқсат етіледі. (Ибн Әбидин)

3. Әке-шешең, әйелің немесе балаларың сырқаттанып қалған жағдайда (оларға көмек керек болса немесе сырқат өте ауыр болса) иғтикафты бұзуға рұқсат етіледі.

4. Мәселен, үкіметтің тұтқындауға берген рұқсат қағазы келсе, иғтикафты бұзуға болады. 

5. Мәйіт жатқан зембілді әкелсе және жаназа намазын оқитын ешкім болмаса, ондай жағдайда иғтикафты бұзуға болады (Фәтхуль-қадир).

Иғтикафтың бұзылуының салдары – қаза ережелері

1. Мәснун (сүннет) иғтикаф жоғарыда келтірілген себептердің бірінің салдарынан өз күшін жоғалтса, иғтикаф бұзылған күннің ғана қазасын өтеу уәжіп болады. Түгелдей он күннің қазасын өтеудің қажеті жоқ (Ибн Әбидин).

Сол күннің қазасын өтеудің тәртібі төмендегідей:

Осы Рамазанда уақыт болса, бір күннің күн батқан кезінен бастап, келесі күні күн батқанға дейін осы Рамазандағы қазаны өтеу ниетімен иғтикаф жасау керек. Дәл осы Рамазанда уақыт болмаса немесе қандай да бір себеппен бұл айда иғтикаф жасау мүмкін болмаса, Рамазаннан басқа кез келген күні ораза ұстап, иғтикаф жасауға болады. Екінші жағынан, иғтикафтың қазасын келесі Рамазанда да өтеуге болады. Дегенмен, оның сол уақытқа дейін өмір сүретініне ешқандай кепілдік жоқ болғандықтан, қазаны мейлінше тезірек өтеу керек.

2. Егер мәснун иғтикаф бұзылса, мешіттен шықпаған жөн. Бірақ, соңғы он күннің қалған бөлігінде нәпіл иғтикафқа ниет етіп, иғтикафты жалғастыруға болады. Осылайша, муаққада сүннет орындалмаса да, нәпіл иғтикафтың сауабын алуға мүмкіндік бар. Екінші жағынан иғтикаф әлдебір еріксіз себеппен бұзылған болса, Алла Тағаланың ол адамға Өзінің шексіз мейірімін төгіп, соңғы он күннің мәснун иғтикафындай сауап беруі де ғажап емес. Сондықтан, иғтикаф бұзылған жағдайда мешітте қалып, келесі күні нәпіл иғтикаф жасауға ниет еткен дұрыс.  

Иғтикаф әдептері

Иғтикафтың мақсаты дүниеуиден түгелдей оқшауланып, бар жан-тәніңмен Алланы зікір етуге берілу болғандықтан, иғтикаф кезінде артық сөз бен қимылдан аулақ болу қажет. Уақытты парыз немесе абзал намаздарды оқумен, Құран оқумен, зікір немесе тәсбих айтумен және басқа да ғибадат түрлерін жасаумен өткізу керек. Оған қоса, ислам ғылымдарын үйрену немесе, керісінше, содан сабақ беру, діни ғылымдар бойынша кітаптарды зерттеу өте абзал амал болмақ.

Иғтикаф кезіндегі рұқсат етілетін (мубах) іс-әрекеттер

Иғтикаф халінде төмендегі іс-әрекеттермен айналысуға рұқсат етіледі:

1. Ішіп-жеу.

2. Өмірлік қажеттіліктерді қанағаттандыруға қатысты сатып алу-сатуға қажетті  келісімдер. Алайда, мешітті сауда-саттық орнына айналдыруға болмайды (Кази Хан).

3. Ұйықтау.

4. Шашты қидыру, бірақ, шаш мешітті ластамауы керек.

5. Сөйлесуге болады, бірақ, артық әңгімеден аулақ болған жөн (Ибн Әбидин).

6. Неке қидыру және басқа да келісімдер жасау (Әл-Бәхр).

7. Киім ауыстыру, әтір мен иіссу себу (Куласатуль-фәтәуә).

8. Мешіттегі науқасқа көмектесу мақсатымен дәрі беру немесе таңғышын ауыстыру (Даруль-улюм Деобанд пәтуалары).

9. Құран мен дін сабақтарын беру (Ибн Әбидин).

10. Киім тігу және шомылу, бірақ, мешітке су шашылмауы керек. Бұл ереженің кір немесе ыдыс жууға да қатысы бар. 

Бұл іс-әрекеттердің бәрі иғтикафты бұзбайды және мәкрүх болып саналмайды.

Иғтикаф кезіндегі мәкрүх іс-әрекеттер

1. Мүлде үнсіз болу, себебі, мүлде сөйлемеу иғтикафтың шарты емес. Егер кімде-кім иғтикафта үндемеу керек деген ниетпен үнсіздік сақтаса, жаман жаңалық (бидғат) енгізгені үшін күнәға батады. Алайда, үнсіздікті ғибадатқа жатқызбай, тек күнәдан аулақ болу үшін үнсіздік сақтауға рұқсат етіледі. Дегенмен, қажеттілік туындаған сайын сөйлесуден тыйылудың қажеті жоқ (Дурр әл-Мухтар).

2. Қажеттілік туындағанда сөйлесуге болады, алайда, бос сөз бен қажетсіз әңгімеден аулақ болған абзал (Минхатуль халик).

3. Сатуға арналған тауарды әкеліп, мешітте қалдырмаған жөн.

4. Мешітте иғтикаф жасап жатқан басқа да адамдарға немесе намаз оқып жатқандарға қиындық тудырып, орын алып отыру.

5. Иғтикаф кезінде хат жазғанға, киім тіккенге немесе оқытқанға адамдардан ақы алу мәкрүх болып саналады (Әл-Бәхр). Алайда, иғтикафтың сол күндерінде күн көруге қаражатың жоқ болса, табыс әкелетін қандай да бір іспен айналысуыңа болады (ең дұрысын Алла біледі).

Жалпы алғанда, сүннет-ғибадатты орындау кезінде мәкрүх іс-әрекеттермен айналысу дұрыс болмайды.

Мәнзур иғтикаф

Иғтикафтың екінші түрі – мәнзур иғтикаф, яғни, серт [нәзр] айтып, өзіңе міндет етіп алған иғтикаф.

Мұның иғтикафтың сирек кездесетін ерекше түрі екенін ескере отырып, төменде қажет ережелер ғана келтірілді. Толығырақ ақпарат алу үшін фиқһ кітаптарына немесе ғұламаларға жүгінген жөн.

Нәзр-иғтикафтың екі түрі
бар: нәзр муайян және нәзр ғайр муайян.

1) нәзр муайян: белгілі бір күні немесе бірнеше күн не болмаса белгілі бір айда иғтикаф жасауға ниет еткенде.

Мәселен, Шағбан айының соңғы он күнінде иғтикаф жасаймын деген нәзр (ант) берген жағдайда. Алайда, әлдеқандай себеппен ол күндері ораза ұстай алмайтын болсаң, олардың қазасын басқа күндері өтеу керек. (Ибн Әбидин)

2) нәзр ғайр муайян: иғтикаф жасау үшін ешқандай нақты ай немесе күн белгіленбеген жағдайда. Мәселен, біреу үш күн бойы иғтикафта боламын деп нәзр жасайды. Оған өзі ораза ұстай алатын кез келген үш күнде иғтикаф жасауға рұқсат етіледі. Сөйтіп, ол сол күндері иғтикаф жасаса, оның нәзрі орындалады.

Нәпіл иғтикаф

1. Иғтикафтың үшінші түрі нәпіл иғтикаф деп аталады. Иғтикафтың бұл түрін орындау кезінде ораза ұстау міндет емес, оның белгілі бір уақыты немесе мерзімі жоқ. Кез келген уақытта және кез келген мерзімге иғтикаф жасау ниетімен мешітке кірсең, иғтикафтың сауабын аласың.

2. Рамазанның соңғы он күнінде егер кімде-кім он күннен аз уақытта иғтикафта болуға ниет еткен болса, ол нәпіл иғтикаф болады.

3. Егер кімде-кім мешітке намаз оқу мақсатымен барса және мешітке кіретін кезінде мешітте өткізетін уақытында иғтикаф жасағысы келетінін айтып, ниет етсе, онда ол иғтикафтың сауабын алады.

4. Мешітте отырған уақытта нәпіл иғтикаф өз күшінде болады. Мешіттен шыққанда ол иғтикаф аяқталады.

5. Нәпіл иғтикаф жасап жатқан адам иғтикафта қанша уақыт боламын деп ниет еткен болса, мешітте сонша уақыт болуы тиіс.

6. Әйткенмен, егер ол қандай да бір себеппен белгіленген уақыт өтпей тұрып мешіттен шықса, онда мешітте болған уақыты үшін сауап алады. Қалған аяқталмаған бөлігінің қазасын өтеуге міндетті емес (яғни, бұл оған уәжіп емес). (Ибн Әбидин).

7. Егер кімде-кім, мәселен, үш күн бойы иғтикафта болуға ниет етсе, содан соң мешітке кіргеннен кейін иғтикафын бұзатын әрекет жасаса, ондай жағдайда оның иғтикафы аяқталады, яғни, ол иғтикафы бұзылғанға дейін мешітте өткізген уақыты үшін сауап алады. Оның үстіне, (уақыттың аяқталмаған бөлігінің) қазасын өтеу оған уәжіп болмайды. Мұндай жағдайда ол өзі қаласа, мешіттен кетуіне болады немесе иғтикафқа қайтадан ниет етіп, мешітте қалуына болады. Мұндай жағдайда қанша уақыт иғтикафта болуға ниет етсе, сол уақытты аяқтағаны абзал болады.

Әйелдің иғтикафы

1. Иғтикафты ерлер ғана емес, әйелдер де орындай алады. Десе де, әйелдер иғтикафты мешітте жасамаулары керек. Олар өз үйлерінде ғана иғтикафқа кіре алады(бұл ‒ ханафи мәзһабының ғұламаларының пікірі, ал, шәфиғит ғұламалар, керісінше, иғтикаф мешітте ғана жасалады деп санайды).

Әйел адамның иғтикафының жөн-жосығы мынадай:

Әйелдер иғтикафты үйлерінде өздері намаз оқитын және басқа да ғибадаттарын жасайтын жерде орындаулары керек. Егер ондай орын бұрын-соңды белгіленбеген болса, иғтикаф басталмас бұрын сондай жерді белгілеп, сол жерде иғтикаф жасаған жөн (Ибн Әбидин)

2. Егер үйде намаз оқуға нақты бір жер белгіленбеген болса, ондай жағдайда әйел иғтикаф жасауға үйінің ішінен кез келген жерді белгілеп, сол жерде иғтикаф жасай алады. (Әләмгири)

3. Тұрмыстағы әйел иғтикаф жасау үшін міндетті түрде күйеуінің келісімін алуы тиіс. Әйел адам күйеуінің рұқсатынсыз иғтикафқа кіре алмайды. (Ибн Әбидин).Дегенмен, ерлер ешқандай себепсіз келісімдерін беруден бас тартып, әйелдерін иғтикаф жасау мүмкіндігінен айырмаулары керек.

4. Әйел күйеуінің рұқсатымен иғтикафқа кіргеннен кейін күйеуінің оған иғтикафты орындауға тыйым салуына немесе оны аяқтауға кедергі келтіруіне рұқсат етілмейді. Дегенмен, ол әйеліне иғтикаф жасауға кедергі келтірсе, әйел адамға ондай иғтикафты аяқтау қажет емес (Әләмгири).

5. Иғтикаф кезінде әйел адам хайыз немесе нифәс күйінде болмауы тиіс, яғни, ол хайыз немесе нифәс күйінде иғтикафқа кіре алмайды.

6. Сондықтан, әйел адам етеккірдің уақыты иғтикафқа тұспа тұс келетін-келмейтінін мәснун иғтикафқа кірмей тұрып анықтап алуы тиіс. Егер етеккір Рамазанның соңғы он күнінің соңында келуі керек болса, оның мәснун иғтикафқа кірмегені дұрыс. Десе де, ол етеккір келгенге дейін нәпіл иғтикаф жасай алады.

7. Егер әйел иғтикафқа кірген болса, сол уақыт аралығында етеккірі басталса, онда етеккір басталған бойда иғтикаф жасаудан бас тарту оған уәжіп (міндет) болады. Мұндай жағдайда оған (етеккірдің келуінің нәтижесінде) иғтикафты тоқтатуына тура келген күні үшін ғана иғтикаф жасау уәжіп болады.

Мұндай қазаның жөні мынадай:

Әйел етеккірден тазарғаннан кейін кез келген күні ораза ұстап, иғтикаф жасайды. Рамазанда уақыт қалса, қазаны Рамазанда өтеуіне болады. Мұндай жағдайда Рамазанның оразасы жеткілікті болады. Әйтсе де, ол етеккірден тазарған кезде Рамазан аяқталып кетсе, онда ол содан кейін бір күн бойы қаза иғтикафты өтеу үшін арнайы ораза ұстауы қажет. (Бехишти Зеуарға түсініктеме)

8. Мешітте иғтикафта болу ережелерінің бәрі әйел адамның өз үйінен иғтикаф жасау үшін таңдап алған орнына да қатысты. Оған шариғаттық қажеттіліксіз ол жерден кетуге рұқсат етілмейді. Ол жерден кетіп, үйдің басқа жеріне ауыса алмайды. Олай істесе, оның иғтикафы бұзылады.

9. Ерлердің мешіттен шығуына қатысты қолданылатын қағидалар әйелдерге де қатысты қолданылады. Ерлерге мешіттен шығуға рұқсат беретін қажеттіліктер мен талаптар (жаназа оқудан басқа) әйелге де иғтикаф орнынан кетуге рұқсат береді. Ерлердің мешіттен шығуын рұқсат ететін істер әйелге де иғтикаф орнынан шығуға рұқсат береді. Сол себепті, әйелдер иғтикафқа кіру үшін сәйкес бөлімде осыған дейін талқыланған мәснун иғтикаф ережелерімен мұқият танысулары керек.

10. Иғтикаф кезінде әйелдер иғтикаф орнында отырып, тігін тігіп, тоқыма тоқи алады. Сондай-ақ, олар үй шаруасын жүргізу мәселелерінде үйіндегі басқа адамдарға нұсқау бере алады. Дегенмен, олар иғтикаф үшін белгіленген жерден кете алмайды. Оның үстіне, әйел адамның иғтикаф кезінд зікірге, тәсбихке, Құран оқуға және өзге де ғибадат түрлеріне көңіл бөлгені абзал. Басқа мәселелерге аса көп уақытын арнамағаны дұрыс.