Таң 06:20 Күн 07:56 Бесін 12:10 Екінті 14:27 Ақшам 16:13 Құптан 17:50

Иғтикәф деген не?

431 muslim.kz

Иғтикәф деген не?

«Иғтикәф» сөзінің тілдік мағынасы: бір жерде болу, тұрақ-тау.Шарғи мағынасы: арнайы орында (мешітте) құлшылық ниетімен болу.[1]

 

С: Иғтикәф деген не? Үкімі қандай?

Ж: Иғтикәф дегеніміз арнайы ниетпен мешітте қалу. Рамазан айының соңғы онкүндігінде орындау муәккәдә сүннет. Иғтикәф – кифая сүннет. Егер бір мешіттің жамағатынан бір кісі орындаса қалғанының мойындарынан түседі. Ал, егер ешкім орындамаса барлығы муәккәдә сүннетті орындамаған болып есептеледі.

 

С: Аталған уақыттан басқа уақытта орындаса бола ма?

Ж: Иә, басқа уақытта иғтикәф мұстахаб әрі уәжіп іс. Ең азы бір сағат, яғни мешітке намаз оқуға кіргенде иғтикәфке ниет етсе, мешіттен шыққанша иғтикәф жасаушы болып есептелінеді.

 

С: Иғтикәф қашан уәжіп болады?

Ж: Иғтикәф етуге нәзір еткен адамға қашан сол нәзірін (сертін) орындағанша  иғтикәф ету уәжіп болады.

 

С: Бірнеше күн иғтикәф жасау ниетіне сол күндердің түндері кіре ме?

Ж: Иә, түндерімен қоса иғтикәф жасау керек. Аралары үздіксіз, бірінен соң бірі болуы шарт.

 

С: Нәзір қылынған иғтикәфте ораза тұту да шарт па?

Ж: Иә, ораза тұту шарт.

 

С: Иғтикәф жасаушыға не істеуге болмайды?

Ж: Иғтикәф жасаушыға төсек қатынасын жасауға, сүйісуге, жанасауға болмайды. Түнде немесе күндіз ұмытып, не біліп тұрып төсек қатынасын жасаса немесе сүйісіп, не денесі тиіп, денесінен ұрық шықса иғтикәфі бұзылады. Қазасын өтеу керек.

 

С: Иғтикәф етушіге мешіттен шығуына бола ма?

Ж: Мешіттен әжетханаға бару сияқты зәру қажеттіліктерден басқа нәрселер үшін шықпайды. Үзірсіз бір сағатқа шықса Әбу Ханифаның пікірінше бұзылады. Ал, Әбу Юсуф пен Мұхаммед шыққан уақытты жарты күннен аз болса бұзылмайды деген.

 

С: Иғтикәфін жұма намазы оқылмайтын кішкентай мешітте жасаса жұма намазын қалай оқиды?

Ж: Жұма оқылатын мешітке барып оқып, иғтикәфіне қайта оралады.

 

С: Иғтикәф жасаушыға не істеуге болады?

Ж: Оған мешітте ішуіне, жеуіне, ұйықтауына болады. Мешіттің ішінде отырып, тауарды әкелмей сауда істерін басқаруға болады.

 

С: Кейбір иғтикәф жасаушылардың сөйлемей жүргендерін көреміз. Сөйлеу иғтикәфке керағар нәрсе деп ойлайтындар да бар. Бұл жөнінде ғұламалар не дейді?

Ж: Иғтикәф кезінде сөйлеуге, жақсы сөз сөйлеуге болады. Ал, жаман сөз сөйлеуге қай уақытта да тыйым салынғаны белгілі. Иғтикәфтың шарты екен деп ойлап үндемей отыру мәкруһ.

 


 

[1]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи», «Әл-фиқһу ъаләл-мазаһибил-арбаға».