Таң 06:35 Күн 08:13 Бесін 12:20 Екінті 14:32 Ақшам 16:18 Құптан 17:56

Туыстық қатынасты нығайтыңыз!

437 muftyat.kz

Туыстық қатынасты нығайтыңыз!

Бүгін жасайтын амалымызға Алла тағала ұлы сый мен сауап әзірлеген. Бұл ізгі амал Алланың «Рахман» есімімен байланысқан. Тіпті, Әлемдердің Раббысы осы атаумен Құранда толықтай бір сүре түсірді.

Раббымыз осы Ұлы есімімен байланысты етіп «рахм», яғни туысқандықты жаратты. «Рахим» дегеніміз адам баласының туысқандары, бауырлары. Егер кімде-кім туған-туыстарымен, бауырларымен байланысын жақсартатын болса, Алла тағала да ол құлымен байланысын нығайтады. Ал, кім туғандарымен қарым-қатынасын үзер болса, Раббымыз Алла ол құлынан рақымын үзеді. Яғни, қашан ол туғандарымен қатынасын жақсартпайынша ол құлға Алланың мейірімі түспейді. Сондықтан да, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер кім туғандарымен байланысып тұрса, Алламен байланысы түзеледі. Кім байланысын үзсе, Алла онымен мейірімін үзеді», – деп ескерткен. 

Сондай-ақ, туыстық байланысты үзбеу ғұмыр жасыңның берекелі болуына себеп болады. Соңғы мәрте қай кезде туыстарымызды зиярат еттік?! Қашан хабарын сұрап білдік?! Ендеше барша туыстарымызға хабарласып, жағдайларын білейік. Шамамыз келсе жақындарымыздың үйлеріне қонаққа барып, оларды өз үйімізге қонақ етейік. 

Жалпы, зиярат ету немесе байланысу дегеніміз не? Егер туысың сізге келмесе, сіздің оған баруыңыз, егер ол сізге жақсылық жасамаса сіздің оған жақсылық жасауыңыз. Міне, осы Алланың алдындағы туысқандық қарым-қатынасты үзбеген деген дәрежеге жеткізетін амал.

Бізге демеу болып, қайғы мен шаттығымызды бөлісер кім? Әлбетте, туыстарымыз. Егер Алланың пәрмені жетіп, дүниеден өтер болсақ денемізді жуып, арулап ақыреттік орнымызға аттандырар кім? Тағы да сол бауырларың емес пе!? Олай болса, азғантай дүниелік істерімізді тоқтатып, осынау берекелі айда жақындарымызға кішкене көңіл бөлейік.  

Абдуллаһ ибн Амр ибн Әл-Астан (р.а.) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Туыстық қатынасты шынайы түрде берік ұстанған адам – жақыны көрсеткен туыстықтың қарымын дәл солай қайтарушы адам емес, керісінше, туыстары арадағы қатынасты доғарса да, олармен байланысын үзбеген адам», – деп айтты» – делінген.
Туысқандық қарым-қатынасты жалғау үшін жасалған әрбір қадамыңызға Алла тағала ұлы сауаптардан жазып, жасаған игі амалыңыз үшін Раббымыз жәннат сарайларын сыйласын!