Кешіре біл!
537 muftyat.kz
Әрқайсымызда жолдастар мен достар бар, олардың арасында араздасып жүргендер болуы мүмкін. Біреумен ренжісіп, басқасымен ұрысып қалдың, ал біреуді жек көруің де мүмкін. Мұсылмандарға бірін-бірін жек көрулеріне рұқсат жоқ, олай істеуге болмайды. Бірақ шайтан мұсылмандардың арасына от салып, оларды бір-бірінен алыстатқысы келеді, сөйтіп олардың арасындағы қарым-қатынасты бір жолата үзуге тырысады.
Негізінде, мүмінге бауырымен үш күннен артық ренжісуге болмайды. Бірақ кейбіреуіміз үш күн болады ғой деп созып аламыз, біреуіміз үш күннен асырып жібереміз, ал біреуіміз айлап, жылдап араласпай кетеміз. Енді біреулер туған бауырларымен, туыстарымен қарым-қатынасты үзген. Кейде көршілермен де араласпай қоятынымыз бар.
Дәл қазір мына бір ізгі қасиеттерді бойымызға дарытатын сәт туды. Ол – кешіре білу, елемей қою, рахымды болу қасиеті. Алла тағала:
﴿وَأَن تَعْفُوا أَقْرَبُ لِلتَّقْوَىٰ ۚ وَلَا تَنسَوُا الْفَضْلَ بَيْنَكُمْ ۚ إِنَّ اللَّهَ بِمَا تَعْمَلُونَ بَصِيرٌ﴾
«Кеңшілік етулерің тақуалыққа жақынырақ. Сондай-ақ араларыңда кешірімділікті ұмытпаңдар. Шәксіз Алла тағала не істегендеріңді толық көруші»[1] дейді.
Кешіре берсең, тақуалығың арта береді. Алла тағала иманды адамды сипаттай келе былай дейді:
﴿وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ﴾
«Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер»[2]
Алла елшісі ﷺ Әбу Дамдам сияқты бола алатын адам туралы сұраған еді. Ол кісінің садақа беретін қаражаты да, заты да болмаған екен. Өзгелерді көріп түндерін мұңмен өткізетін көрінеді. Сол кезде Аллаға жалбарына: «Аллаһым! Менде басқа адамдар секілді садақа беретіндей нәрсе жоқ. Олай болса мен ар-намысымды садақа етемін. Кімде-кім мені жамандаса, балағаттаса, ғайбаттаса, өсектесе сөзсіз мен оны кешіремін»,-дейді. Яғни, «менің сыртымнан сөйлеген адамның күллісін мен кештім»,-деген сөз. Және ұйқыға жатарда жүрегін тексерсе ешбір адам баласына деген жүрегінде кірбіңдік жоқ. Сол кезде пайғамбарымыз ﷺ: «Әбу Дамдам қайда екен?»,-деп сұрағанда, ол: «Менмін»,-деді. Алланың елшісі ﷺ: «Сүйінші! Ей, Әбу Дамдам! Расында, Алла тағала сенің садақаңды қабыл етіп қойды»,-деді.
Бұдан да ұлы дәреже бар. Саған жамандық қылған адамды кешіре салып, қателігін елемей, оған жақсылық жасау. Иә, дәл солай. Саған жамандық істеген адамға сен жақсылық жасайсың. Ол жайлы Раббымыз Құранда айтан еді:
﴿وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ ۗ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ﴾
«...адамдарды кешірім етушілер. Алла тағала жақсылық істеушілерді сүйеді»[3]
Хасан әл-Басри, табиғиндердің үлкені, осы ізгі амалды қалдырмайтын. Қалай дейсіз ғой? Өзі жайлы жаман сөйлейтіндерге, балағаттайтындарға, ғайбат айтатындарға барып өзі сыйлық тарататын. Олар аң-таң болып сыйлықтың не үшін берілу себебін сұрағанда, Хасан әл-Басри былай деп жауап береді: «Сендер маған сауаптарыңды беріп жатсыңдар ғой, мен де сіздерге сыйлық беремін».
Егер біз Алланың кешірімі мен рахымына бөленгіміз келсе біз де кешіре білуіміз керек. Қайсымыз Алланың хақында қателеспейміз, Раббымыздың хақысын дұрыс атқара алмай жүргеніміз қаншама, күнәлар, жаман мінездер, намаздарымыздағы ойларымыз, ораза ұстап ашулануымыз, садақа беріп алып оны міндетсінуіміз, біреудің мінезін көтере алмауымыз т.б. жетерлік. Олай болса дәл осы сәтімізден бастап барша Алланың жаратылысына кешірімді болып, рахымдылық танытайық.
[1] «әл-Бақара» сүресі, 237-аят
[2] «Әли-Имран» сүресі, 134-аят
[3] «Әли-Имран» сүресі, 134-аят