Қаз Рус Qaz قاز
Таң 04:31 Күн 06:11 Бесін 13:21 Екінті 18:12 Ақшам 20:21 Құптан 22:00

Ораза тәнді тазартып, рухани қуат береді

01/05/2017 5179 0 Батыржан МАНСҰРОВ

Ораза тәнді тазартып, рухани қуат береді

Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан әлем мұсылмандарының сағына күтіп, қимай қоштасатын айы. Өйткені, адам баласының тәнін тазартып, жан-дүниесін тәрбиелейтін ораза құлшылығы осы айда Раббымыз тарапынан парыз етілген. Сонымен қатар, адамзатты ақиқат жолға үндейтін, ақ пен қараны, сауап пен күнәнің парқын көрсететін Құран кітабы осы айда түсірілген. Сондықтан, бұл айда жасалған әрбір жақсы амалдар елеусіз қалмай, сауабы еселенеді.

Бұл жөнінде Алла тағала былай дейді: «Әй мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылғандай ораза парыз қылынды... Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім рамазан айында болса, ораза ұстасын...» («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар) Ал, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған  күнәлары  түгелдей  кешіріледі», - деген.

Алланың әміріне итағат еткен барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, күнә істерден бой алыстатады және сабырлық, мейірімділік, қанағатшылдық секілді қасиеттерге иелік етеді.

Енді оразаның мағынасына тоқталайық. Оразаның сөздікте «бір нәрседен алыстау» ал, шариғи мағынасы «ораза ұстауға күші жеткен адамның ниет етіп, екінші шапақтан бастап, күн батқанға дейін оразаны бұзатын нәрселерден сақтану және белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу» дегенді білдіреді. Демек, ораза адамға ең алдымен ішіп-жеу мен құмарлық сезімдерден сақтану парыз болып табылады. Оразаның күнделікті уақыты таңның атуынан күннің батуына дейінгі аралықта жалғасады. Алла тағала былай дейді: «Таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) ажыратылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, сосын оразаны кешке дейін ұстаңдар» («Бақара» сүресі, 187-аят)

Оразаның негізгі шарттары мұсылман, балиғат жасына толған әрі ақыл-есі түзу болу және ораза ұстауға күші жету және тұрғын болу. Иә, ораза ұстау әрбір  мұсылманға парыз. Ал, бала мен ақыл-есі ауысқан, талған адамға немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан, мұндай әмір оларға жүктелмейді. Сондай-ақ, науқас немесе жолаушыларға да ораза парыз емес. Алайда ораза ұстаса, оразасы дұрыс. Ал ораза ұстамаса, басқа күндері оразасының қазасын өтейді. Құранда бұл жөнінде былай делінеді: «Ораза санаулы күндерде. Кімде-кім науқастанса яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін» («Бақара» сүресі, 184-аят)

Ораза ұстаған адамға мына нәрселерді жасау да жақсы іс болып табылады. Бір жұтым су да болса сәресіде тұрып, ішіп-жеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл тұрғыда былай дейді: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәренің тамағында берекет бар» Ал басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені, Алла сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді», - деп айтқан. Ауызды құрма немесе сумен ашу – пайғамбар сүннеті.

Рамазан айына тиесілі құлышылықтың бірі әрі сауапты амал ол – тарауих намазы. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім рамазан айында тарауих намазын иманмен, ықыласпен оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген. Демек, рамазан айында ораза ұстаумен қатар, сауапты істерге де көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Мәселен, аузы берік жандарға ауызашар беру және жоқ-жітіктер мен кедейлерге қол ұшын созу сауап амал болып табылады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Аузы берік жанды ауызашарга шақырып тамақ берген адам ораза ұстаган жанның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да ешнәрсе кемімейді».

Ораза адам жақсы сөздер сөйлеп, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап, байсалдылық танытқаны жөн. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін», - деп айтқан. Және де аузы берік адам бос уақыттарын нәпіл ғибадаттармен, білім алумен, Құран оқумен, Алланы ұлықтаумен, салауат айтумен өткізу керек.

Оразаның адамға әкелер рухани пайдасы – тақуалық, сабырлық, көркем мінез-құлық, уақытты жүйелеу. Сондай-ақ,қоғамға тигізер пайдасы да бар. Адамдарды бірлікке және бір тәртіпке үйрету, теңдік пен әділдікті сүю, өзара мейірімділік көрсету, барлық күнә атаулыдан сақтану тағысы тағы осылай кете береді. Жаратқан Алла құлдарын неден тыйса, онда бір зияндылықтың болғаны секілді, неге бұйырса, онда жақсылық пен адамға келтірер пайда бар екенін ескергеніміз жөн. Сол сияқты оразада денсаулыққа аса пайдалы. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: "Ораза ұстандар, дендерің сау болады." Оразаның қандай пайдасы бар? Қысқаша айтқанда асқазанды тазартады, дененің ауырлығы мен семіздігін тоқтатады, бір жыл бойы тыным таппай жұмыс істеген ас қорыту жүйелері дем алып, ретке келеді. Ораза ұстап, аузыз бекіткен кісі құлшылығының дұрыс орындалуы үшін мына нәрселерге аса мән бергені жөн.

1. Оразаны бұзатын нәрселер:Таң атқаннан күн батқанға дейінгі аралықта жеу, ішу; жыныстық қатынаста болу (Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды); Дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау және темекі тарту; Әдейі құсу әрі ауыз толы құсықты жұту.

2.Оразаны бұзбайтын нәрселер:Ұмытып ішіп-жеу; Қан алдыру; Ауыз, мұрынды шаю; Шомылу, төбеден су құйынып жуыныу; Бой дәретсіз таң аттыру; Еріксіз құсу; Көзге сүрме жағу; Еріксіз тамағына түтін, тозаң, шыбын кіру; Түкірік жұту; Тістің арасындағы бұршақтан кішкене нәрсені жұту.

 Ораза ұстауға шамасы келмейтін жандарға дінімізде «фидия» садақасын беру міндетті. Бұған ауруларынан айығу үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілер жатады. Олар оразаның орнына әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Фидияны ақшалай беруге де болады. Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең яки кешке тамақтандыру жеткілікті.

Рамазан айының және бір ерекшелігі мың айдан да қайырлы болған қадір түні бар. Сондықтан қадір түні – Рамазан айының ең бір маңызды кезеңі саналады. Қадір түнінде көктегі періштелер жерге түседі. Сондықтан, қасиетті «қадір» түнін құлшылықпен көбірек өткізу керек.

Оразаның қасиеттері жайында пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай дейді: «Ораза тозақ отынан қорғайтын қалқан»; «Кім Алланың разылығы жолында бір күн ораза ұстаса, оның жүзін жетпіс жылға тозақ отынан алыстатады». Міне, рамазан айы осындай қадір-қасиетімен ерекшеленген. Тіпті, ораза ұстаушының жасаған дұғасы да қабыл болады екен. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шындығында ораза ұстаушының ауызашарда қылған дұғасы қайтарылмайды», - деген. Олай болса, көзді ашып-жұмғанша өтіп кететін санаулы ораза күндерді сауапты әрі игі істермен өткізуге күш жұмсайық. Алақанымызды бір Аллаға жайып, игі амалымыздың қабыл болуын сұрап, еліміз бен отбасымыздың есендігі үшін де дұға жасайық, ағайын.

 

Батыржан МАНСҰРОВ,
ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі,
«Иманғали» орталық мешітінің бас имам