Таң 04:25 Күн 05:53 Бесін 12:24 Екінті 16:45 Ақшам 18:46 Құптан 20:15

Рамазан жайлы бір сұхбат

98 Бекжан Әлденов

Рамазан жайлы бір сұхбат

Әлемдердің Раббысы болған Аллаға сансыз мақтау мен мадақ және пайғамбарлар сұлтаны болған Мұхаммед (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) пен оның үй-іші мен сахабаларына Алла Тағаланың игілігі мен сәлемі болсын!

Мінеки, көптен асыға күткен айымыз да келіп қалды. Күн өткен сайын жүрегіміздегі қуанышымыз артып, жәннаттың иісі аңқыған оразаның да сарыны әсте-әсте байқалып келеді. Алла Тағалаға құлшылық етудегі оразаның орны ерекше. Себебі, шариғатымыздағы бес парыздың бірі, жан мен тәнді тәрбиелеудің теңдесі жоқ рухани құралы, пенденің дүниелік тұрғыдан үлкенді-кішілі күнәлардан сақтануы, ең бастысы пенденің Алла Тағаланың разылығын алуы. Әрі, құлшылық арқылы шүкіршілік етудің бірден-бір жолы болып табылады. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) ораза жайлы көптеген хадистерінде ораза мен оның маңыздылығы туралы айтқандығы біздерге мәлім. Тіпті жиһадта жүргенде, үстіден күн, астыдан сахараның қызған құмы шыжып тұрғанда да сүйікті пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) және аспандағы жарқыраған жұлдыздарға теңелген құрметті сахабалар да ораза ұстаған.

Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй, мүміндер! Бұрынғыларға парыз етілгендей ораза ұстау сендерге де парыз етілді. Бәлкім тақуа боларсыңдар!», - деген. («Бақара» сүресі, 183-аят)

Осы аяттың негізгі мақсаты – Алла Тағаланың оразаны бізге парыз етуі және осы амалды тақуалыққа меңзеуі, яғни бұл амалдың тақуалыққа жол ашатындығын айқындап тұр. Себебі, Алла Тағала осы аятта ораза мен тақуалықтың тікелей байланысы бар екендігін, һәм маңыздылығын ескерткен. Демек, ораза ұстау Раббымыздан шынайы түрде қорқуға тәрбиелейді.

Оразаның негізгі мақсаты пенденің жүрегін тазарту, тақуалығын арттыру, иманын кәмілдендіру. Таңнан кешке дейін аш жүрген адам, пақырлардың жағдайын да түсінеді, олардың да қамын ойлай бастайды. Міне, осындай тұрғыдан қарағанда ораза ұстау, адамның бойындағы тәкәпарлық, тойымсыздық, шүкіршілік қылмау, бар нәрсеге қанағат етпеу деген сияқты ұсқынсыз қасиеттерден айырады. Ендеше, ораза ұстау пендеге өз нәпсісін тәрбиелеудің таптырмас бірден-бір жолы.

Хасан әл-Басри: «Мүмін адам өз нәпсісінің қожайыны. Алла Тағаланың разылығы үшін өз-өзінен есеп алып отырады. Осы дүниеде өз-өзіне есеп бергендердің Қиямет күнгі есептері жеңіл болады екен де, керісінше, әрбір істі еш есепсіз істейтіндердің Қиямет күніндегі есебі өте ауыр болады екен», - деген. Өз-өзіне есеп беру, өз-өзімен айналысу, өз-өзін сөгу ізгі пенделердің дағдысы, тақуалыққа жетіп, имандарын жаңартудағы һәм жолы.

Сол себепті де пайғамбарымыздан (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жеткен Құдси хадисте: «Алла Тағала айтады: « Адам баласының барлық амалы өзі үшін. Тек ораза Мен үшін. Мен оразаның есесін беремін. Себебі, ораза кезінде пенде Мен үшін шахуаты мен асынан тыйылады», - деген.

Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаушының екі қуанышы бар. Бірі – ауыз ашқанда қуанады. Екіншісі – Қияметте Раббысымен жүздескенде ораза ұстағанына қуанады», - деген.

Тағы бір хадисте Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):  «Ақиқатында Қиямет күні Жаратушы Иенің жанында ораза ұстаушының аузының иісі мисктің иісінен де абзал», - деген.

Демек, оразаның сыйы үлкен екендігін бізге түсіндіру үшін Алла Тағала оразаның есесін өзі беретіндігін айдан анық ескерткен. Ислам ғалымдары: Хақ Тағала оразадан өзге құлшылықтың ешбір түріне қатысты: «Мен үшін»-демеген.

Алла Тағала ар-Раййан атты жәннатты тек ораза ұстаушыларға арнап дайындаған. Онда қандай нығметтер бар екендігі тек Алла Тағалаға аян. Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, жұмақта ар-Раййан атты қақпа бар. Қиямет күні одан ораза ұстаушылар ғана кіріп өтеді де, олардан басқа ешкім кіргізілмейді. Олар кіріп болған кезде ол қақпа жабылады», - деген. Раййан қақпасына кіру үшін рамазан айының парыз болған оразасын лайықты түрде орындауымыз керек.

Олай болса, Раббымыздың осыншама рақымынан махрұм қалуымыздан Алла Тағалам баршамызды сақтасын.

Кезіндегі сахабалар Рамазан айына күн санап асыға күтетін. Әрине, Алла Тағала пенделеріне жақсылықты қалағандықтан осындай мүмкіндіктерді берді. Осының маңыздылығын ұғынып, жан-тәнімізбен Жаратушымызға құлшылық етер болсақ, мұсылмандықтың қадіріне жетіп, Тәңірімізге деген шүкіршілігімізді өтеген боламыз.

Сөз соңында Алла Тағаладан осы Рамазан айының оразасын бір Өзінің разылығы үшін аман-есен өтеуімізді және иманымызды арттырып, Раббымыздың сүйікті құлдарынан болуымызды баршамызға нәсіп еткей! Әмин. 

 

Әлденов Бекжан,
Алматы қаласы, Бостандық ауданы,

«Байкен» мешітінің азаншысы

 

Мінеки, көптен асыға күткен айымыз да келіп қалды. Күн өткен сайын жүрегіміздегі қуанышымыз артып, жәннаттың иісі аңқыған оразаның да сарыны әсте-әсте байқалып келеді. Алла Тағалаға құлшылық етудегі оразаның орны ерекше.