Таң 04:22 Күн 05:51 Бесін 12:24 Екінті 16:46 Ақшам 18:48 Құптан 20:17

Оразаның әдебі

179 Абдуссамад Махат

Оразаның әдебі
Имам Муслим Әнас ибн Маликтен (родиял-лаһуғанһу) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (солләл-лаһуғаләйһиуәсалләм):
 
«Сүннетімнен[1]бастартқан Менен[2] емес»,-десе,[3] Айша анамыздан (родиял-лаһуғанһа) риуаят етілген хадисте: «Бізбұйырмаған нәрсені істегеннің ісі қабыл емес»,-деген.[4]

 

Ғалымдар бұл хадистің ұғымына қатысты: «Бұл хадистегі «қабыл емес» сөзі «батыл», «есепке алынбайды» дегенді білдірсе, хадистің өзі Исламның елеулі қағидасына жатады. Өйткені бұл сөз өзіне Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) барлық өсиетін қамтып, әрбір дінбұзарлық істі жоққа шығарады»,-деген.[5]

Демек, істеген құлшылығымыз, соның ішінде оразамыз қабыл болуының бірден-бір жолы – барлық амалымызды[6] Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сүннәтіне сай істеу.

Хақ Тағала «Ниса» сүресінің 80-ші аятында:

«Пайғамбарға (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бойсұнған, Алла Тағалаға бойсұнған болады»,-деген.

Жаратушы Ие Өзінің әміріне бойсұнған пендесін жәннатпен жарылқай ма, әлде тозақпен жазалай ма?! Демек, әрбір ісімізді Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сүннәтіне сай істесек біріншіден: сүннәтқа сай амал істеген, екіншіден: Хақ Тағалаға бойсұнған боламыз. Осының нәтижесінде амалдарымыз қабыл болып, Жаратушы Иенің разылығына лайық болсақ, ғажап емес!

Ораза да осы айтылғаннан тыс емес. Сондықтан да оразамыз қабыл болсын десек, парыз, уәжіп амалдардан тыс оразаның мустахабтарына[7]жататын мына амалдарға ерекше көңіл бөлген жөн.

1. Алла Тағаланың: «Менің ең жақсы көретін құлдарым[8] – ауыз ашуға асығатындары»,-дегеніне сай,[9] күн батқаннан кейін ауыз ашуды кешіктірмеу.[10] Бұл істің артықшылығына қатысты Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Ауыз ашуды кешiктiрмеумен[11] адамдардың амандыққа кенелуi[12]жалғасады»,-деген.[13]

Әбу Ъатыййа (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Мен және Масрұқ (родиял-лаһу ғанһу) екеумiз Айшаға (родиял-лаһу ғанһа) кiрдiк. Масрұқ (родиял-лаһу ғанһу): «Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) екі сахабасы жақсы iске алаңдайды. Олардың бiрi ақшам намазы мен ауыз ашуға асықса, екiншiсi ақшам намазы мен ауыз ашуды кешiктiредi»,-дегенде, Айша (родиял-лаһу ғанһа): «Ақшам намазы мен ауыз ашуға кiм асығады?»,-деп сұрады.

- Абдуллаһ ибн Масъуд (родиял-лаһу ғанһу).

- Расулуллаһ та (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) солай iстейтiн».[14]

2. Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Оразасын ашатындарың аузын құрмамен ашсын.[15] Себебі, құрма – берекет.[16] Құрма таппаса, сумен ашсын.[17] Өйткенi су пәк нәрсе»,-дегеніне сай,[18] ауызды құрмамен ашу.[19]

Әнас ибн Малик (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) намаз оқудан алдын[20] аузын жаңа үзiлген құрмамен ашатын. Жаңа үзiлген құрма болмаса, кептiрiлген құрмамен ашатын. Ол да болмаса, бiрнеше ұрттам су iшетiн».[21]

Бұл хадис ауызды жаңа үзілген құрмамен, ол болмаса кептірілген құрмамен, ол да болмаса сумен ашу мустахаб екеніне дәлел.[22]

Имам Ибн Әл-Қоййим айтады: «Ауызды сумен ашудың қолайлылығы мынада: ораза асқазанды босатқаннан кейін, бауыр денеден қоректене бастайды. Бұл өз кезегінде дененің қуаттылығына әсерін тигізеді. Осы себептен оразаны жаңа үзілген құрмамен ашқаннан қолайлы жолы жоқ. Жаңа үзілген құрма болмаса, кептірілген құрмамен де ашса жақсы. Ол да болмаса сумен ашқан жөн. Себебі су асқазанды сусындатып, оразаның қызуын басады. Әрі асқазанды ас қабылдауға әзірлейді».[23]

3. Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Ораза ұстаған адамның ауыз ашқан сәттегі дұғасы қабыл»,-дегеніне сай,[24] ауыз ашу сәтінде көп дұға ету.[25]

Біреуден бір мәрте бірдеңе сұрасаң, береді. Екінші рет сұрасаң, береді. Үшінші рет сұрайын деп бара жатқаныңнан: «Өй, мынау тағы бірдеңе сұрайын деп келе жатыр»,-деп ренжиді.

Ал Хақ Тағаладан сұрау мәселесіне келер болсақ, Пайғамбарымыз Мухаммад (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Алла Тағала Өзiне дұға етпеген пендесiне[26] ашуы келедi».[27]

«Дұғаға босаңсымаңдар![28] Өйткенi дұға етумен ешкiм апатқа ұшырамайды».[29]

4. Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Үш нәрсе пайғамбарлық әдетке[30] жатады. Ол: ауыз ашуды кешіктірмеу, сәресіні кешіктіру және намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою»,-дегеніне сай,[31] сәресі ішу.[32]

Ханафи мазһабы бойынша Күн батқаннан кейін алдымен ауыз ашып, кейін ақшам намазын оқу – мустахаб,[33] ал намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою – сүннәт.[34]

5. Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Сәресiнi iшiңiздер! Өйткенi сәресiде береке бар»,-дегеніне сай,[35] сәресіні кешіктіру.[36]

Жоғарыда айтылғандай ораза ұстайтын адамның сәресі ішуі мустахаб, яғни шариғат оң көрген амалына жатады. Бұл мәселеде ғалымдардың арасында ихтиләф, яғни келіспеушілік жоқ.[37] Сонымен қатар, хадистен көрініп тұрғандай, сәресіні таң атуға тақау ішу де мустахабқа жатады.[38]

Имам Әл-Ъирақи бұл хадисте айтылғанға түсініктеме беріп: «Берекеден мақсат: сауап»,-деген.[39] Яғни, сәресі ішу берекелі іс. Мұның себептеріне келер болсақ, ол: қазақ «Ас – адамның арқауы» демекші, сәресі ораза ұстаушыны қуаттандырып, күні бойы дәм татпай жүрудің машақатын жеңілдетеді. Тілек қабыл болатын тәһәжжүд намаздың уақытында тұрып дұға етуді нәсіп етеді. Сәресі ішкен адам Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сүннәтін тірілткен болады. Сәресі құлшылыққа деген ықыласты оятады.[40]

6. Шомылатын жағдайда түнде шомылу.[41] Мұның мәнісі: күндіз шомылған жағдайда ауыз немесе мұрыннан ішке су кетіп, нәтижеде ораза бұзылады. Түнде шомылған жағдайда су жұту себебінен ауыз ашылып кетудің қауіпі болмайды. Дегенмен ораза ұстаған адамға қажет болған жағдайда күндіз шомылудың оқасы жоқ. Тек ауыз немесе мұрыннан ішке су кетпеуін қадағаласа болғаны.

7. Құранды көп оқу.[42]

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Алла Тағала: «Құранмен шұғылдану[43] себебінен зікір және дұға етуге уақыты болмаған адамға[44] барлық дұға етушілерге бергеннен артық беремін»,-дейді».[45]

Басқа бір хадисте: «Мен оған шүкіршілік етуші пенделеріме берген сауаптан да артық сауап беремін»,-делінген.[46]

8. Мұқтаждарға көп қамқорлық ету.[47]

Ибн Аббас (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) адамдардың жомарты болатын. Ал Рамазанда Жәбрәилмен (ъаләйһис-саләм) кездесетін кезде ерекше жомарттық ететін. Жәбрәил (ъаләйһис-саләм) Рамазанның әр түнінде Расулуллаһпен (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) жүздесіп, Құран оқитын».[48]

Жаратушы Ие «Әхзаб» сүресінің 21-ші аятында: «Сендерден Алла Тағала мен Ақырет күнінен үміті болған және Хақ Тағаланы көп еске алғандарың үшін Пайғамбарда (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) көркем өнеге бар»,-деген. Сондықтан да біз мұсылман болуымыз себепті әрбір ісімізде Пайғамбарымызды (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) өнеге тұтып ғұмыр кешуге міндеттіміз. Жаратушы Иенің разылығына лайық болып, жәннатқа кірудің басқа жолы жоқ!

Пайғамбарымыз Мухаммад (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Рамазан уақытында оразаның құрметіне барынша жақсылық істеуге тырысып, бар уақытын дінді жеткізіп, мұқтаждардың қажетін өтеуге сарп ететін.

Әбу Һурайра (родиял-лаһу ғанһу) айтады:

 

«Бірде Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Араларыңнан кім ораза ұстаған халде таң атырды?»,-деп сұрағанда, Әбу Бәкр (родиял-лаһу ғанһу): «Мен»,-деді. Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Бүгін кім жаназаға қатысты?»,-деп сұрағанда, Әбу Бәкр (родиял-лаһу ғанһу): «Мен»,-деді. Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Бүгін кім мұқтажды тамақтандырды?»,-дегенде, Әбу Бәкр (родиял-лаһу ғанһу) тағы да: «Мен»,-деп жауап берді. Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Бүгін кім науқасқа барып көңілді сұрады?»,-дегенде, Әбу Бәкр (родиял-лаһу ғанһу): «Мен»,-деді. Сонда Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Бойында осы қасиеттер болған адам міндетті түрде жәннатқа кіреді»,-деді».[49]

 

9. Иътикәф[50] ету.[51]

 

Абдуссамад Махат

 



 

[1]яғни, сүннәтіме сай әрекет етуден.

[2]яғни, үмметімнен.

[3]«Сахиху Муслим би шархин-Науауи».

[4]«Сахиху Муслим».

[5]«Сахиху Муслим би шархин-Науауи».

[6]бұған тек намаз, ораза т.с.с. құлшылық түрі емес, бәлкім, киіну, тамақтану, ұйықтау т.б. тәулік бойы істелетін іс-әрекет жатады.

[7]мустахаб – шариғат орындалуын дұрыс көрген амал. («Әл-Лүбабу фиш-шархил-Китаб»)

[8] ораза ұстағандардың ішінде. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[9] хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Ахмад, Имам Тирмизи және Имам Хиббан риуаят етті. («Әл-Жәмиъус-Сағир») Себебі, бұл сүннәтқа сай. Имам Әл-Қари: «Бұл хадиске амал ету Жаратушы Иенің сүйіспеншілігін нәсіп етеді»,-деген. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[10]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[11] яғни, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) ауыз ашуды асықтыру сүннәтін орындаумен. («Тухфатүл-Ахуази»)

[12] яғни, күн батысымен ауыз ашумен рахатқа кенелуі. Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сүннәтін ұстануына сай сауап та көбейе түседі. («Сахихүл-Бухари»)

[13] хадисті Сәһл ибн Саъдтан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари риуаят етті.(«Сахихүл-Бухари»)

[14] хадисті Әбу Ъатыййадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Муслим риуаят етті.(«Сахиху Муслим»)

[15] ауызды құрма немесе сумен ашу – мустахаб, яғни шариғат оң көрген сүннәт амалына жатады. («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»)

[16] Имам Әт-Тоййиби айтады: «Өйткені құрмамен ауыз ашуда мол сауап пен берекет бар». («Тухфатүл-Ахуази») Құрмамен ауыз ашу сауапты іс. Бұл – шариғат талабы. Құрманың мынадай қасиеті бар: адам құрмамен ауыз ашқан сәтте, құрма асқазан қыртыстарында қалып кеткен тамақтың қалдықтарын тазалайды». («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[17] ораза ұстаушыға ауыз ашқанға су да жеткілікті немесе сумен ауыз ашу сүннәт амалы болу себебінен. («Тухфатүл-Ахуази»)

[18] хадисті Салман ибн Ъамирден (родиял-лаһу ъанһу) Имам Тирмизи риуаят етті. Яғни, тазартушы нәрсе. Имам Әт-Тоййиби айтады: «Себебі су ғибадаттың дұрыс болуына кедергі болатын нәрсені кетіреді (мысалы: нәжісті). Сондықтан да Хақ Тағала құлдарына суды нәсіп етумен жарылқаған». («Тухфатүл-Ахуази»)

[19]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[20] яғни, ақшам намазын оқудан бұрын. Бұл ауыз ашуды кешіктірмеу мустахаб екеніне ишара. («Тухфатүл-Ахуази»)

[21] хадисті Салман ибн Ъамирден (родиял-лаһу ъанһу) Имам Әбу Дауд риуаят етті. («Таһзибу сунәни Әби Дауд») Хадис ауызды жаңа үзілген құрмамен, ол болмаса кептірілген құрмамен, ол да болмаса сумен ашу мустахаб екеніне дәлел. («Тухфатүл-Ахуази») Имам Ибн Әл-Қоййим айтады: «Ауызды сумен ашудың қолайлылығы мынада: ораза асқазанды босатқаннан кейін, бауыр денеден қоректене бастайды. Бұл өз кезегінде дененің қуаттылығына әсерін тигізеді. Осы себептен оразаны жаңа үзілген құрмамен ашқаннан қолайлы жолы жоқ. Жаңа үзілген құрма болмаса, кептірілген құрмамен де ашса жақсы. Ол да болмаса сумен ашқан жөн. Себебі су асқазанды сусындатып, оразаның қызуын басады. Әрі асқазанды ас қабылдауға әзірлейді». («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[22]«Тухфатүл-Ахуази».

[23]«Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир».

[24] хадисті Ибн Ъамрден (родиял-лаһу ъанһу) Имам Ибн Мажәһ риуаят етті.(«Сунәну Ибн Мажәһ»)

[25]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[26]яғни, қажетiн Алла Тағаладан тiлемеген пендеге.

[27]хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Ибн Мажәһ риуаят етті.(«Сунәну Ибн Мажәһ»)

[28]яғни, Алла Тағаладан шын ықыласпен көп тiлеңдер.

[29]яғни, Алла Тағаладан тiлеудiң пайдасы болмаса, ешбiр зияны жоқ. Хадисті Әнас ибн Маликтен (родиял-лаһу ъанһу) Имам Әл-Хаким риуаят етті. («Әл-Жәмиъус-Сағир»)

[30]яғни, пайғамбарларға тән әдетке.

[31]хадисті Әбу Дардадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Табарони риуаят етті. («Әл-Жәмиъус-Сағир»)

[32]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[33]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[34]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[35]хадисті Әнас ибн Маликтен (родиял-лаһу ъанһу) Имам Тирмизи риуаят етті.(«Сунәнут-Тирмизи»)

[36]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[37]«Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир».

[38]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[39]«Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир».

[40]«Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари».

[41]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[42]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[43] яғни, Құранды жаттау, зерттеу, оқу т.с.с.

[44] яғни, Хақ Тағала Құранды жаттау, оқу немесе мағынасын ұғыну ісімен шұғылдануы себебінен дұға, зікір т.с.с. ғибадат түрлеріне уақыт таба алмаған пендесіне.

[45]хадисті Әбу Саъид Әл-Худриден (родиял-лаһу ъанһу) Имам Тирмизи риуаят етті. («Сунәнут-Тирмизи»)

[47]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[48]хадисті Ибн Аббастан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Бухари риуаят етті.(«Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»)

[49]хадисті Әбу Һурайрадан (родиял-лаһу ъанһу) Имам Муслим риуаят етті.(«Сахиху Муслим би шархин-Науауи»)

[50] иътикәф – ғибадат ниетімен мешітте болу. «Иътикәф мәселесі» тақырыбын қараңыз.

[51]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

 

Имам Муслим Әнас ибн Маликтен (родиял-лаһуғанһу) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (солләл-лаһуғаләйһиуәсалләм): «Сүннәтімнен[1]бастартқан Менен[2] емес»,-десе,[3] Айша анамыздан (родиял-лаһуғанһа) риуаят етілген хадисте: «Бізбұйырмаған нәрсені істегеннің ісі қабыл емес»,-деген.[4]