Таң 04:39 Күн 06:02 Бесін 12:58 Екінті 17:47 Шам 19:48 Құптан 21:10

Рамазан жоспары

28/04/2017

 Рамазанның әр күнінде жасалатын,  күнделікті  атқарылатын сауап амалдардың кестесі:

       Жоспар толық мақсатына жету үшін мынадай кеңестер ұсынылады: 

– жоспардың әр кезеңінің арасын бөлетін нәрсе  – парыз намаздар болсын, өйткені ол намаздарды дұрыс орындауға көмектеседі;
– егер жоспардан кейбір нәрселерді жіберіп алсаңыз, оны міндетті түрде келесі кезеңде орындаңыз;
– бір күндегі кейбір амалдарды жіберіп алсаңыз оны қалдырмай, келесі күні міндетті түрде жасап үлгеріңіз;
– бос уақытта пайдалы істермен айналысыңыз. Бұл жерде бос уақыт деп – бір іс пен басқа бір істің арасында болатын уақыттар айтылады. Мысалы, аялдамада көлік күту, көліктегі уақыт, азан мен қамат арасындағы уақыт, біреуді күтіп жатқандағы т.б. уақыттарды бос өткізбеуге тырысыңыз;
–бұл жоспарды тек жалғыз өзіңіз емес, басқалармен қосылып орындасаңыз жалықпауға, дұрыс орындауға көмектеседі және олардың сауабындай сізге де сауап жазылады.

 

Міне осы кеңестер төмендегі жоспардың жақсы пайдалы түрде орындалуына септігін тигізеді деген ойдамыз.

 Рамазан айының әр күнінде жасалатын жоспар

        Бірінші кезең. Сәресі уақыты.

       Мұнда біз үш амалды жасаймыз:
1) Екі рәкағат намаз оқу;
2) Сәресі ішу, оны соңғы уақытқа дейін кешіктіру сүннет;
3) Сәресі уақытынан яғни, таң намазының уақты кірмес бұрын 5-10 минут қалдырып, сол кезде күналарыңды еске түсіріп, истиғфар айту (Алладан кешірім сұрау).

      Екінші кезең. Таң намазының уақыты.

Таң намазының уақытында біз мынадай он амалды атқарғанымыз жөн:

  1. Азанды тыңдау мен қайталау және азан дұғасын оқу;
  2. Таң намазының екі ракағат сүннетін оқу (бұл екі ракағатты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) үйде оқып, сосын мешітке шыққан. Ал сіз өзіңіз таңдауыңызбен егер қаласаңыз, үйде немесе мешітте оқуға болады);
  3. Мешітке бару және шығып бара жатқан кезіңізде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үйреткен дұғасын оқу (бұл дұға «Мұсылман қорғаны» кітапшасында «Мешітке бара жатқан кісінің айтатын дұға» деп аталады № 19 дұға, 25 бет);
  4. Мешітке кірер алдында иғтикәфға ниет ету, өйткені, иғтикәф аз болсын, көп болсын мешітте қалумен жүзеге асады. Сондықтан қанша мешітте болсаңыз соны иғтикәфқа ниеттеніңіз.
  5. Мешітке кірерде оқылатын дұғаны оқу (бұл дұға «Мұсылман қорғаны» кітапшасында «Мешітке кірерде оқылатын дұға» деп аталады № 20 дұға, 27 бет);
  6. Мешітке кірген соң екі ракағат «Мешітке сәлемдеме» намазан оқу және егер үйде оқымаған болсаңыз таң намазының екі ракағат сүннетін де оқу;
  7. Азан мен қамат арасында уақыт болып жатса, өзіңізге және басқа да мұсылмандарға дұға қылу, өйткені азан мен қамат арасында дұға қабыл болады немесе Құран оқу, зікір айту т.б.
  8.  Қамат айтылғанда жүрегіңізді Аллаға арнаңыз, ниетіңізді жаңартыңыз және таң намазына періштелер куәлік ететінін есіңізге түсіріңіз. Намазды ықыласпен оқыңыз және шамаңыз келгенше оқылатын аяттарды түсінуге тырысыңыз.
  9. Парыздан кейін тұрып кетпеңіз, отырып намаздан кейін оқылатын зікірлерді оқып дұға қылыңыз, өйткені мұның сауабы өте үлкен (бұл дұғалар «Мұсылман қорғаны» кітапшасында «Намазда сәлем бергеннен соң оқылатын дұғалар» деп аталады  № 66, 67 және 73 дейінгі дұғалар, 71-80 беттер).
  10. Егер имам намаздан кейін дәріс өткізсе, сабыр етіп оған қатысыңыз, өйткені, ол қысқа болса да, періштелер қатысатын ғылыми мәжіліске жатады.

     Үшінші кезең. Таң намазынан күн шыққанға дейінгі уақыт.

       Бұл уақытта мына амалдар жасалғаны абзал болады:
1) Таңертеңгі дұғаларды оқу (бұл дұғалар «Мұсылман қорғаны» кітапшасында «Таңертең және кешке оқылатын дұғалар» деп аталады № 75 және 98 дейінгі дұғалар, 84-104 беттер).
2) Әртүрлі дұғалар жасау;
3) Құран оқу, тыңдау;
4) Білім алу, сабақ қайталау т.б.;
5) Дұха намазын оқу (2 ракағаттан 8 ракағатқа дейін оқуға болады).

        Төртінші кезең. Күн шыққаннан кейінгі кезең (жұмыс (сабақ) уақыты).

       Бұл кезең дұха намазын оқығаннан кейін басталады. Әркімнің жұмыс, сабақ уақытына байланысты. Егер жұмысыңыз кеш басталса, бір сәт ұйықтап демалуға болады. Егер уақыт болмаса онда Аллаға тәуекел етіп жұмысыңызға барыңыз.

Жұмыста болған кезіңізде мына амалдарды істегеніңіз жөн:

жұмысыңызға уақытында барып, уақытында қайту. Оразаны жалқаулыққа сылтау қылмау керек. Өйткені Рамазан күрес /жихад/, құлшылық ету, амал ету айы, жалқаулықты   үйрететін ай емес;

— жұмысыңызды дұрыс, толық атқару. Өйткені Алла адал істі жақсы көреді;

— жұмыс кезінде ешкімге зиян тигізбеңіз, ренжітпеңіз, сіз ораза ұстап жүргеніңізді ұмытпаңыз. Жұмыс ғибадат жасауыңызға кедергі деп ойламаңыз, керісінше ниетіңізді жаңартып, адал еңбек ету – құлшылық, тіпті Алла жолында күрес болып есептеледі;

—  парыз намаздарды жіберіп алудан сақ болыңыз, шама келсе, мешітте болмаса өз уақытында оқуға тырысыңыз, әрине мешіт абзал.

       Ескерту: Осы кезде әйелдер мыналарды істегені жөн:

   • Ауызашар тамағын осы уақытта дайындап қойған дұрыс, өйткені кешке ауызашар алдында басқа тамақ жасаудан абзалырақ істерді істеген жөн (ол істерге төменде кеңірек тоқталынады).
• Тамақ жасап жатқанда, сол тамақпен ауызаштыруды ниет ету, егер ол тамақты өз балалары, күйеуі , қонақтар жесе де, сол тамақты қанша адам жесе соншама адамға ауызаштырудың сауабын алады.
• Тамақты мүмкіндік болғанынша жасау, яғни, түрлі-түсті тамақ жасап, исраф жасау қажет емес, өйткені Рамазан тамақ ішу айы емес, тамақты шама келгенше үнемдеп, садақа берген абзал.
• Кедей-міскіндерге тамақ жасап беруге тырысу.
• Тамақ жасап жатқан уақытта Құран тыңдау немесе зікір, истиғфар айту сияқты амалдарды жасап уақытты пайдалы өткізу.

        Бесінші кезең. Бесін мен екінті арасындағы (жұмыстан кейінгі) уақыт.

       Бұл уақытта ұйықтап дем алуға тырысу керек. Өйткені, түнде тарауих оқуға және басқада маңызды істерді атқаруға күш жинау қажет және бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті: «Қайлула жасаңдар (яғни, түсте бір сәт дем алыңдар) шынында шайтандар бұл кезде ұйықтамайды» деген.

       Ескерту: Әрине кейбір адамдардың жұмыстары екінті намазынан кейін немесе ақшам кезінде бір–ақ бітеді. Сондықтанда басында айтқанымыздай бұл жоспар тек үлгі ретінде ұсынылады. Әркім өз уақытына лайықтап жасап алуына болады. Маңыздысы – жоспардағы айтылған іс-амалдарды қамту.

        Алтыншы кезең. Екінтіден ақшамға дейінгі уақыт.

       Бұл уақытты отбасымызға арнаған жөн. Жоғарыда әйелдер тамақты ерте жасау керек деген болатынбыз. Өйткені, әйелдердің екінді намазынан кейін тамақ пен айналысқаннан гөрі, отбасымен бірігіп мына істерді істегені абзал:
–отбасының барлық мүшелері жинала отырып, Құран оқу және шариғатымызды үйрену, дұға жасау және бұл іске балаларымызды да араластыру;

–қиссалар, риуаяттар, хадистер айту, әке дұға жасап балалар әмин деп айтып отыру секілді, сондай-ақ балаларға кішігірім жарыстар ұйымдастыру;

–осы уақытты өз отбасымызға арнау керек және отбасында имани орта қалыптастыру қажет. Әрине мұндай отырыстардың балаларды тәрбиелеуде оң әсері мол. Сондай-ақ ерлі-зайыптар арасындағы байланысты күшейтіп, олардың араларында болған кейбір қайшылықтарды жоюға да әсері шексіз.

        Жетінші кезең. Ақшамнан құптанға дейінгі уақыт.

       Бұл уақытта ауыз ашылады, қуаныш уақыты. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде айтылған: «Ораза ұстаушының екі қуанышы болады. Біреуі ауыз ашқанда біреуі Қиямет күні Раббысына кездескенде..».
Бұл кезде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) айтқан ауызашар дұғасын айтып, ауыз ашамыз. (бұл дұғалар «Мұсылман қорғаны» кітапшасында «Ауыз ашар уақытта айтылатын дұға» деп аталады № 176 және 177 дұғалар, 166 бет).
Еске түсіретін нәрсе, кейбір адамдар тамаққа қызығып, ақшам намазына мешітке баруды ұмытады. Әрине бұл сүннетке қарсы келеді. Сондықтан да, ер адамдар ауызды мешітте ашып намазды оқып келіп, кейін тамаққа отырғаны абзал болады.

        Сегізінші кезең. Құптан мен тарауих намаздарының уақыты.

       Бұл уақытта мына амалдарға мән берген дұрыс:
–үйіңізге жақын мешітті таңдау, өйткені, онда танитын адамдарыңыз болады, олар мен байланысыңызды күшейтуге, қал-жағдай сұрасуға, бауырмашылықты арттыруға ұлы мүмкіндік болады. Әрине Хатым түсіретін мешіт болса, имамның қырағаты да дұрыс тәжуидпен, әдемі дауыспен болса нұр үстіне нұр болады;
–мешітке жалғыз бармай, таныстарыңызды, туыстарыңызды шақырыңыз;
–намазды хушуа жасап (ықыласпен) оқып, аяттардың мағыналарын ойланып оқу.

       Тоғызыншы кезең. Тарауихтен кейін ұйқыға дейінгі уақыт.

        Бұл уақытта мына амалдарға назар аударған жөн:
– мүмкін болғанынша ерте ұйықтауға тырысу;
– тамақтану, шай ішу, бірақ ысырап етпеу;
– студент болса сабақтарын қайталау;
– Құран оқуын толықтыру, егер қалып қойған зікір немесе кез келген жоспардағы амал бар болса оны толықтыру;
– үйдің қажеттіліктерін өтеу т.б. пайдалы істерді істеу.

        Оныншы кезең. Ұйқы уақыты.

       Бұл кезеңге мән беру өте маңызды, өйткені жоғарыдағы амалдарды жақсы орындау үшін адамға күш қуат қажет. Егер ниетті жөндесек ұйқымызды да құлшылыққа айналдыруға болады. Ол үшін:
• Ұйықтау мен құлшылық жасауға күш жинауды ниет ету;
• Ұйықтаудың әдептерін ұстану (дәретпен ұйықтау, оң жаққа қарап жату,
ұйықтар алдында айтылатын дұғаларды оқу (бұл дұғалар «Мұсылман қорғаны» № 99 және 111 дейінгі дұғалардан шамаңыздың келгенін оқыңыз, 104-114 беттер)).